Қарағандыда асфальт төсейтін техника жұмысшыны басып кетті (ВИДЕО)

02.07.2026 20:17 Қарақат АСЫЛОВА
Қарағандыда асфальт төсейтін техника жұмысшыны басып кетті (ВИДЕО)
227
Видеодан кадр
Қарағандыдағы жөндеу жұмысы қайғылы аяқталды

Қарағанды қаласында жол жөндеу жұмыстары кезінде қайғылы оқиға орын алды, деп хабарлайды Politico.kz.

Асфальт төсеу барысында жол тығыздайтын техника жұмысшыны басып кетіп, ер адам оқиға орнында көз жұмды. Қайғылы жағдай 2 шілде күні сағат 14:30 шамасында Республика даңғылында болған. Сол уақытта жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан.

Алдын ала мәлімет бойынша, 62 жастағы мердігер ұйым қызметкері жол катогын кері бағытта жүргізіп келе жатып, 53 жастағы әріптесін байқамай қағып кеткен. Ауыр жарақат алған жұмысшы оқиға орнында жан тапсырған.

Оқиға туралы Қарағанды облыстық полиция департаменті мәлімдеді.

«2026 жылғы 2 шілдеде сағат 14:30 шамасында Қарағанды қаласының Республика даңғылында жөндеу жұмыстары кезінде жазатайым оқиға болды. Бір ЖШС-нің 62 жастағы қызметкері жол катогын басқарып, артқа қарай қозғалу кезінде өзінің 53 жастағы әріптесін қағып кеткен. Алған жарақаттарының салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды», – деп хабарлады ведомство.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабының 3-бөлігі бойынша («Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу») қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта тергеушілер оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалып, куәгерлерден жауап алынуда.

Войдите, чтобы оставить комментарий