Қаралы хабар! Ұлт өнерінің жанашыры дүниеден озды

Қаралы хабар! Ұлт өнерінің жанашыры дүниеден озды
20.10.2025 15:38
0
1116
фото: ашық дереккөз

Профессор Юрий Аравин дүниеден өтті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Қазақ мәдениеті орны толмас ауыр қазаға душар болды. 20 қазан күні Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, "Парасат" және "Отан" ордендерінің иегері, профессор Юрий Петрович Аравин 84 жасында өмірден озды.

Бұл қаралы хабарды Қазақстан Республикасының мемлекеттік қайраткері Аида Балаева өзінің Facebook парақшасында жариялады.

«Қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері, «Парасат» және «Отан» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының мүшесі, профессор Юрий Петрович Аравин өмірден озды.

Қайраткер тұлғаның отбасы мен туған-туыстарына, шәкірттері мен әріптестеріне қайғыра көңіл айтамын.

Юрий Петровичтің есімі халқымыз үшін аса қадірлі. Ол қазақтың халық музыкасын кеңінен насихаттаған танымал тұлғалардың бірі еді. Ұлттық мәдениетке бар жан-тәнімен берілген азамат ретінде фольклорлық мұраларды жинақтау мақсатында көптеген ғылыми-шығармашылық экспедицияларға бастамашысы болды. Көптеген көне музыкалық туындыларды жаңғыртып, ғылыми жүйеге түсірді.

Юрий Аравин қазақ музыкасына, халық композиторлары мен ақындарының мұрасына арналған бірқатар телерадио бағдарламаларын жасады. Қазақ фольклорына шын жүрегімен ғашық, талантты музыкатанушы ретінде халқымыздың дәстүрлі музыкасының бай әлемін тыңдарманға жаңа қырынан танытты.

Юрий Петрович өз өмірін өнерге, ұлт мәдениетіне арнап, тұтас бір шығармашылық буынды тәрбиелеген ұлағатты ұстаз болды. Қайраткердің жарқын бейнесі, руханиятымызға сіңірген өлшеусіз еңбегі халық жүрегінде мәңгі сақталады деп сенемін.

Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!», – деп жазды Аида Балаева.

Юрий Петрович Аравин – Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, көрнекті музыкатанушы әрі музыка педагогы. Ол 1941 жылы 2 сәуірде Тверь қаласында дүниеге келген. Қайраткер қазақтың халық музыкасын сақтауға және насихаттауға өлшеусіз зор үлес қосқан тұлға ретінде тарихта қалды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий