Қайрат Сатыбалдыұлынан тәркіленген ірі бизнес-орталық сатылымға шығарылды
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы мемлекет пайдасына Қайрат Сатыбалдыұлынан тәркіленген Kaisar Plaza бизнес-орталығын саудаға қойды, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекеттік мүлік тізілімінің sauda.e-qazyna.kz веб-порталында Kaisar Plaza сауда-офистік орталығының тұрғын емес ғимаратына бастапқы баға 61,5 млрд теңге деп көрсетілген. Кепілдік жарна мөлшері 9,2 млрд теңге болып белгіленген. Аукцион бағаны көтеру әдісімен өтеді.
Тоғыз қабатты бизнес-орталық Алматы қаласының Желтоқсан көшесінде орналасқан. Қазіргі уақытта ғимаратта әртүрлі мерзімдерге жалға алынған 53 нысан жұмыс істеп тұр. Нысанның жалпы ауданы 63,9 мың шаршы метр деп көрсетілгенімен, ресми құжаттарда алаң көлеміне қатысты айырмашылықтар бар.
«Атап айтқанда, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар мен техникалық сипаттамаларда ғимараттың ауданы 63 920 шаршы метр деп көрсетілсе, техникалық паспорттың көшірмесінде бұл көрсеткіш 56 480 шаршы метрді құрайды. Яғни айырмашылық — 7 440 шаршы метр»,- делінген лот сипаттамасында.
Лот сипаттамасында бұл сәйкессіздік панорамалық қабаттың (2 297 шаршы метр) іс жүзінде шатыр ретінде танылып, жалпы алаңға енгізілмеуімен, сондай-ақ қайта өлшеу және алаңдарды қайта есептеу нәтижесінде ғимарат аумағының 5 143 шаршы метрге қысқаруымен түсіндірілген.
Аукцион 7 сәуір күні өтеді. Саудаға қатысуға өтінімдер сол күні сағат 09:55-ке дейін қабылданады.
Еске сала кетейік, 2024 жылы Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекетке бірқатар активін қайтарған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің дерегінше, 2022 жылдан бері ол мемлекетке жалпы құны 732,8 млрд теңгеден асатын, яғни шамамен 1,6 млрд АҚШ долларына тең активтер мен мүлікті өткізген.
Айта кету керек, мемлекет пайдасына тәркіленген мүліктер қатарында бұған дейін Kaisar Towers бизнес-орталығы да болған.
Соңғы жаңалықтар