Қазақмыс студенттерге 100 грант бөлмек

12.02.2026 10:48 Арман Ермеков
Қазақмыс студенттерге 100 грант бөлмек
59
Фото: «Қазақмыс»

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен «Қазақмыс» басшылығы білім саласындағы ынтымақтастықты талқылады, деп хабарлайды Politico.kz.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі арнайы кездесу өткізді. Тараптар Ұлытауда шетелдік оқу орнының филиалын ашу және білікті мамандар даярлау мәселесін талқылады.

Кездесуде Colorado School of Mines пен Ұлытау университетінің бірлескен филиалын ашу жоспарына басымдық берілді. Бұл жоба өңірдегі білім беру сапасын халықаралық деңгейге көтеруді және облыстың ғылыми әлеуетін күшейтуді көздейді.

Министрлік пен өндірістік корпорация студенттерді үш дипломды бағдарлама бойынша оқытуға жыл сайын 100 грант бөлуге уағдаласты. Қаржыландыру тең үлес негізінде жүзеге асады. Бес жылға жоспарланған бұл бастама Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі индустрияны дамытуға бағытталған.

Жиын барысында кадр даярлау ісі де сөз болды. Қазір корпорацияның 15 қызметкері индустриялық PhD бағдарламасы бойынша тау-кен және металлургия саласында білім алып жатыр. Олар ғылыми жаңалықтарды тікелей өндіріске енгізуді үйренеді. Сондай-ақ тараптар «Болашақ» бағдарламасы арқылы мамандарды шетелде оқыту және тәлімгерлік жобаларды дамыту мүмкіндігін қарастырды.

Бұдан бөлек ынтымақтастықтың тағы бір бағыты ретінде ғылыми хакатондар атап өтілді. Бұған дейін компания өндірістік міндеттерді шешу үшін екі рет хакатон ұйымдастырған болатын. Алдағы уақытта үшінші ғылыми-технологиялық жарысты өткізу жоспарланып отыр. 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болуына байланысты жаңа шара өнеркәсіпті автоматтандыруға арналмақ.

«Қазақмыс» корпорациясы Ұлытау облысындағы білім және ғылым саласын дамыту арқылы өңірдің экономикасын көтеруді мақсат етіп отыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий