Қазақстан бензин мен дизель экспортына тыйымды 2027 жылға дейін ұзартпақ

03.07.2026 23:01 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақстан бензин мен дизель экспортына тыйымды 2027 жылға дейін ұзартпақ
236

Қазақстанның Энергетика министрлігі бензин, дизель отыны және бірқатар мұнай өнімдерін ел аумағынан шығаруға қойылған тыйымды ұзарту туралы бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға ұсынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 22 қарашадан 2027 жылғы 22 мамырға дейін бензин, дизель отыны және жекелеген мұнай өнімдерін автомобиль және теміржол көлігімен, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге экспорттауға тыйым салу ұсынылған.

Сонымен қатар, 2027 жылғы 1 қаңтар мен 30 маусым аралығында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге жеңіл дистилляттар, авиациялық керосин, дизель отыны, газойль, толуол, ксилол және мұнай битумын шығаруға да шектеу енгізу көзделіп отыр.

Министрлік мәліметінше, бұл шектеулер алты ай бойы күшінде болады. Алайда гуманитарлық көмекке қатысты жекелеген жағдайларға ерекшелік қарастырылған.

Бұйрық жобасы қазір «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 21 шілдеге дейін қоғамдық талқылаудан өтеді.

Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ресей азаматтарының Қазақстандағы жанармай құю бекеттерінен көлік бактарына ғана жанармай құюына рұқсат етілетінін, ал қосымша ыдыстарға құюға тыйым салынғанын мәлімдеген еді. Соңғы күндері шекара маңындағы өңірлерде ресейлік көліктер санының артқаны байқалып, жүргізушілер қазақстандық жанармай бекеттеріндегі бағалар туралы әлеуметтік желілерде белсенді бөлісіп жүр.

Войдите, чтобы оставить комментарий