Қазақстан шахматшылары Олимпиадада көш бастап келеді – Самарқандта ұлттық құрамамен маңызды кездесу өтті

22.09.2026 18:33 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақстан шахматшылары Олимпиадада көш бастап келеді – Самарқандта ұлттық құрамамен маңызды кездесу өтті
88
Фото: kazchess.kz

Қазақстан әйелдер құрамасы Самарқандта өтіп жатқан 46-шы шахмат Олимпиадасында бірде-бір ұпай жоғалтпай, екінші орында келеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Шешуші кезең алдындағы демалыс күні Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов пен Елші Ералы Тұғжанов спортшылармен арнайы кездесті.

22 қыркүйек күні өткен жүздесуде командалардың нәтижелері талқыланды. Отандық шахматшылар алты турда да жеңіске жетіп, 12 командалық ұпай жинады. Олар көш бастап тұрған Қытай құрамасымен бірдей нәтиже көрсетіп отыр. Тек қосымша көрсеткіштер бойынша екінші орынға жайғасты. Алтыншы турда отандық спортшылар Әзербайжан құрамасын 2,5 – 1,5 есебімен ұтты.

23 қыркүйекте сағат 15-те өтетін жетінші турда әйелдер құрамасы турнир көшбасшысы Қытаймен кездеседі. Құрамалардың бас жаттықтырушысы Павел Коцур шешуші кезең жақындаған сайын жауапкершілік артатынын айтты.

«Біз қазір ең жоғары орынға өте жақынбыз, сондықтан біздің қыздардың нәзік иықтарында екі есе жауапкершілік жатыр. Командада екі жаңа, жас спортшы бар. Алда өте байсалды қарсыластар күтіп тұр, сондықтан қыздарға барынша концентрацияны сақтау керек. Сонымен қатар командадағы атмосфера жай ғана керемет», – деді Павел Коцур.

Ерлер құрамасы да алты турдан кейін жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Соңғы турда олар Колумбия командасын 3,5 – 0,5 есебімен жеңді. Ерлер құрамасының капитаны әрі жаттықтырушысы Әнуар Исмағамбетов құраманың жартысынан астамы жаңарғанын жеткізді.

«Ерлер құрамамыз қазір жартысынан астамы жаңарды – командада жас жігіттер көп. Сонымен қатар атмосфера өте достық. Жұмысқа келгенде жігіттер барынша берілуге тырысады. Шығындарсыз болған жоқ, сәтсіздіктер болды, бірақ соған қарамастан біз жақсы позициядамыз. Алдағы барлық дерлік матчтар бізді рейтинг бойынша озып тұрған командаларға қарсы болады. Бірақ жігіттерді бұл мазаламайды. Олар өздеріне соншалықты сенімді, мұндай қарсыластармен кемінде тең тұрады», – деді Әнуар Исмағамбетов.

Ерлер құрамасы 23 қыркүйекте сағат 15-те Сербия командасымен бақ сынайды.

Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ералы Тұғжанов жарыстың тарихи маңызына тоқталды.

«Бұл тарихи оқиға. Орталық Азияда мұндай ауқымдағы, 200-ге жуық мемлекет өкілдері қатысатын шахмат Олимпиадасы алғаш рет өтіп жатыр. Мұнда қонақтар мен қатысушылар өте көп. Осы іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді – бәрі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мен бүгінде Қазақстан құрамасына қандай назар аударылып жатқанын көріп отырмын. Бұл қазақстандық шахматтың бүгінде әлемде лайықты орын алып отырғанын білдіреді. Сондықтан біз өз жігіттерімізге сенеміз, біздің команда лайықты орын алады деп сенімдімін», – деді Ералы Тұғжанов.

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов та отандық спортшыларға қолдау білдірді.

«Біз бірге осы бағытта жылжып, жыл сайын мақсаттарымызға жақындай түскенімізге өте қуаныштымын. Әрине, биыл бізде керемет нәтиже көрсетуге барлық мүмкіндік бар. Кешегі күн біздің команда үшін өте жақсы болды және бізге маңызды жеңістер әкелді. Сіздер өте күшті қарсыластарға қарсы керемет ойын көрсеттіңіздер. Алдарыңызда тағы көптеген керемет партиялар болсын. Біз әрқашан сіздермен бірге екенімізді ұмытпаңыздар. Өз күштеріңізге және жеңіске сеніңіздер», – деп атап өтті Тимур Турлов.

Федерация басшысы ұлттық құраманың бұл жетістігі жас шахматшыларға бағдар болатынын жеткізді.

«Біз сіздерді өте жақсы көреміз және кез келген жағдайда сіздермен бірге боламыз. Сіздер шынымен үлкен жетістіктерге лайықсыз деп сенеміз. Сіздердің жетістіктеріңіз бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі шахмат клубтарына енді ғана келіп жатқан жас шахматшыларға үлкен шабыт болады. Шахматтың арқасында олар әлемді көре алады, жаңа мүмкіндіктер алады және үлкен биіктерге жетеді. Сіздер қазірдің өзінде, әрине, әлемдік шахмат элитасысыздар», – деп қосты ол.

Олимпиада аясында Самарқандта 26 қыркүйек күні FIDE Бас ассамблеясында Халықаралық шахмат федерациясының президентін сайлау өтеді. Тимур Турлов бұл бәсекеде бес дүркін әлем чемпионы Вишванатан Анандпен бірге бақ сынайды. Ананд FIDE президентінің орынбасары лауазымына ұсынылған. Сайлауға сонымен қатар Ян Хенрик Бюттнер – Малкольм Пейн және Вадим Розенштейн – Гордон Танг жұптары қатысады. Бұл додада әр ұлттық федерация бір дауысқа ие.

Отандық спортшылар мен жаттықтырушылар Тимур Турловқа алдағы дауыс беруде жеңіс тіледі. Швейцариялық жүйе бойынша 11 турдан тұратын 46-шы шахмат Олимпиадасы 27 қыркүйекте мәресіне жетеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий