Қуаныш Бейсек: Кезінде өзімді бәрінен ақылды, жұлдыз санайтынмын
Режиссер әрі продюсер Қуаныш Бейсек адамдар арасындағы қарым-қатынас, ішкі эго және өмірлік құндылықтар туралы ойын айтты. Ол адами қарым-қатынастағы жауапкершілік пен діни ұғымдардың аражігін ажыратып, жеке басынан өткен соңғы өзгерістерін бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы режиссер «Дөп сөз» подкастында әңгімеледі.
«Негізі, бұл жағдай көпшілік үшін күлкілі болып көрінуі мүмкін. Бірақ өміріміз аяқталғанда, бәріміз де бұл дүниеден өтеміз. Өмірден өткеннен кейін адамдардың өзара қарым-қатынасы туралы, мысалы, подкасттан шыға сала: «Жомарт деген не деген білімсіз, популист адам...» — деп айтуым мүмкін. Достарыма осылай айтып кетемін де, кейін оны ұмытамын, ол туралы мүлде ойланбаймын. Содан соң: «Алла, мені кешіре көр» — деп, ұмраға да, қажылыққа да барамын, намазымды оқимын. Алла Тағала Өзіне қатысты күнәларды кешіреді. Ал қайтыс болғаннан кейін бәріміз қайта кездесеміз ғой. Сол кезде мынадай жағдай қайта ортаға шығады: «Сен кезінде осылай айтқан едің» — деген сұрақ туындайды. Мен: «Мен Жаратушыдан кешірім сұрадым ғой», — дегенімде, Алла Тағала: «Ал Жомарттың өзінен кешірім сұрадың ба?» — деп айтады. Екеуіңнің араларыңдағы мәселені өзара шешіңдер делінеді, мұны жағдайды барынша қарапайым етіп түсіндіру үшін айтып отырмын. Сіздердің адамдармен арадағы қарым-қатынастарыңыз — Жаратушы мен сіздің араңыздағы қатынасқа жатпайды. Адамдар арасындағы іске Жаратушыны араластырмаңыздар. «Барлық күнәларың кешіріледі» деген сөз — тек сіз бен Алланың арасындағы парыздарға қатысты. Жаратушы бір істі бұйырды, сіз оны орындамадыңыз, ол — Жаратушымен араңыздағы мәселе. Ал мен біреуді ғайбаттасам, артынан жаман сөз айтсам, ол — тек екеуіміздің арамызда қалатын, өзара шешуді талап ететін жағдай», — деді Қуаныш Бейсек.
Сондай-ақ ол қоғамда түрлі пікір тудырып жүрген танымал тұлғаларға қатысты көзқарасын білдіріп, өзінің бұрынғы тәкаппарлығы мен өмірлік сабақтары туралы айтты.
«Нұртас Адамбайға қатысты айтар болсақ... Бәріміз қазір мысқылдап жатырмыз. Бірақ, бір Аллаға аян, бәрі аяқталар соңғы сәтте ең үлкен ұтысқа ие болатын адам сол болуы да мүмкін. Мүмкін, ол осы бағытта үлкен жетістікке жетер. Сол себепті қазір біз оны күлкіге айналдырғанымызбен, соңында ол ең ақылды болып шығуы ғажап емес. Кезінде мен де сондай болғанмын. Өзімді бәрінен ақылды санайтынмын. Тұрақты ұстанымдарым бар, ең ақылды адам өзім сияқты көрінетін. Сондай кезеңді бастан өткердім. Содан соң өзімді «жұлдыз» сезінген шақтар болды. Таразда қалып қойған достарыммен, ауылда тұратын алыс туыстарыммен жиындарда бірге отырасың. Олар қатардағы өмір сүріп жатқанда, мен іштей: «Мен үлкен істермен айналысып жүрмін, ал сен не бітірдің?» дегендей өктемдікті сезінетінмін. Оны сыртқа білдірмей: «Амансыздар ма, мен қарапайым адаммын» деп отырғаныммен, ойым мен ішкі менім мүлде басқаша болатын. Жас кезімде сондай теріс түсінікпен шешімдер қабылдадым. Сол кезде өз ортамдағы ең ақылды адам өзіммін деп ойлайтынмын. Ал былтыр ажырастым, бұл маған өте ауыр тиді. Кез келген адам үшін отбасының бұзылуы — үлкен соққы. Сол оқиғадан кейін көп нәрсені қайта саралап, ой елегінен өткізуге тура келді. Сондай күндердің бірінде тағы да бір жиында отырдым. Онда жалғыз өзім отырмын. Балам Шымкентте, мен мұндамын. Жұмысым алға баспай, бизнесте түрлі қиындықтар мен мәселелер туындап жатты. Сол жерде бір отбасы отырды. Ері, әйелі және бала-шағасы қасында. Ол азамат шағын ғана жұмысын істеп, кешке үйіне қайтады. Тапқаны тасып бара жатпаса да, өзіне жетерліктей қалыпты табысы бар. Балаларының қарны тоқ, киімі бүтін, әкесі қасында ойнап, тәрбиесін беріп отыр. Әйелі күйеуін сыйлап, бірге шәй ішіп отырған шағын, берекелі отбасы. Өздерінше бақытты өмір сүріп жатыр. Мен оларға сырттай қарап отырып: «Шын мәнінде мен ақылдымын ба, әлде мына кісі ақылды ма?» — деп ойландым. Дәл осы сәтте мына адам менен әлдеқайда ақылды. Ол менімен салыстырғанда сөзсіз дана әрі ақылды болып шықты. Сол кезде өзімді тоқтаттым», — деді Қуаныш Бейсек.
Сөзін қорытындылай келе, продюсер бастан өткерген қиындықтардан кейін өзіне деген көзқарасы қалай өзгергенін және тұлғалық даму жолындағы ішкі ізденістерін түйіндеді.
«Менің ешқандай да ерекше емес екенімді, өзгелерден асқан ақылды еместігімді түсіндім. Қажет болса, кез келген ұстанымым тас-түс болып қирауы, кез келген соққыдан сынып кетуім мүмкін, соншалықты мықты адам емеспін. Сол сәттен бастап, оған дейін де өзгеріп жүрген едім, тұлға ретінде түбегейлі өзгерген сияқтымын. Бұл процесс әлі де жалғасуда. Күн сайын өзімді жақсартуға тырысамын. Осы себепті менің кез келген көзқарасым мен ұстанымым уақыт өте келе сыналуы мүмкін», — деді Қуаныш Бейсек.
Соңғы жаңалықтар