Қазақстанда әйел курьерлерге әлеуметтік көмек беріледі

27.08.2026 18:16 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақстанда әйел курьерлерге әлеуметтік көмек беріледі
187
Коллаж: Politico.kz

Қазақстанда қиын немесе дағдарысты жағдайда жүрген әйел курьерлерді қолдауға арналған пилоттық жоба басталды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Ведомство «Yandex Qazaqstan» компаниялар тобымен және «Іскер» қолдау орталығы» қоғамдық қорымен үшжақты меморандумға қол қойды.

Жаңа бастама цифрлық платформалар арқылы табыс табатын әйелдердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуді көздейді. Құжатқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, «Yandex Qazaqstan» жетекшісі Тимур Шалекенов және «Іскер» қорының директоры Толқын Саметова қол қойды.

Жоба аясында әр отбасының жағдайы жеке қарастырылады. Қатысушыларға құқықтық, қаржылық, психологиялық және гуманитарлық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары мен медициналық қызметтерді алуға жәрдем беріледі.

«Бүгінде еңбек саласы жаңа өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Мемлекеттік саясат та осы үдерістерді назарға алып, соған сай бейімделуі қажет. Біздің басты міндетіміз азаматтардың қандай қызмет түрімен айналысатынына қарамастан, заң аясында жұмыс істеп немесе табыс тауып жүрген әр адамға түсінікті әрі қолжетімді қолдау тетіктерін қалыптастыру. Бұл бастама мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың өзара ынтымақтастығы арқылы нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге болатынын көрсетеді. Әңгіме кәсіби қызметі мен отбасылық міндеттерін қатар атқарып жүрген әйел курьерлерге қажетті жағдай жасау және оларды қолдау туралы болып отыр. Қиын жағдайға тап болған кезде тиісті көмекке жедел қол жеткізу үшін қайда жүгіну керегін білу аса маңызды», – деді Асқарбек Ертаев.

Пилоттық жоба Yandex Go платформасындағы «Тамақ», Lavka және «Жеткізу» сервистерінде жұмыс істейтін әйелдерге арналған. Қатысушылар аталған сервистерді кемінде 4 апта бойы пайдаланған болуы шарт.

«Цифрлық сервистер мен икемді жұмыс форматы азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Алайда қиын жағдайға тап болған кезде қажетті әлеуметтік қолдаудың дер кезінде көрсетілуі де айрықша мәнге ие. Осы жоба аясында Еңбек министрлігі «Іскер» қорымен бірлесіп, әйел курьерлердің қажетті ақпарат пен нақты көмекке уақытылы қол жеткізуіне жағдай жасауды көздеп отырмыз», – деді Тимур Шалекенов.

Өтініштерді іріктеу кезінде мына санаттағы азаматшаларға басымдық беріледі:

  • Балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған және көпбалалы аналар;
  • Мүгедектігі бар тұлғалар;
  • Ерекше қажеттіліктері бар балаларды бағып отырған аналар;
  • Ауыр науқас отбасы мүшесіне күтім жасайтын жандар.

«Әлеуметтік көмек ең алдымен адамның нақты жағдайын түсінуден басталады. Жоба аясында әр қатысушымен жеке жұмыс істеп, оның қажеттілігіне қарай қандай қолдау қажет екенін анықтауды жоспарлап отырмыз. Қордың құқықтық, психологиялық және гуманитарлық көмек көрсету тәжірибесі әйелдер мен олардың отбасыларына нақты қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», – деді Толқын Саметова.

Қатысу шарттары мен өтініш беру тәртібі Yandex Pro мобильді қосымшасындағы «Ынтымақтастық туралы негізгі ақпарат» бөлімінде жарияланған.

Осыған ұқсас мәселе бұған дейін қоғамда қызу талқыланған еді. Алматыда арқасына термосөмке асып, қолына сәбиін ұстап тапсырыс тасыған 20 жастағы келіншектің видеосы желіге тарап, көпшіліктің назарын аударған.

Войдите, чтобы оставить комментарий