Қазақстанда шошқа тұмауының 5 жағдайы тіркелді: ДСМ дабыл қақты

13.10.2026 • 17:02 Мөлдір ҚАЙНАР
Қазақстанда шошқа тұмауының 5 жағдайы тіркелді: ДСМ дабыл қақты
57
Фото: pixabay

Қазақстанның екі бірдей аймағында A(H1N1)pdm09, яғни шошқа тұмауын жұқтырған 5 адам анықталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ведомство таратқан ресми дерекке сәйкес, күз басталғалы бері зертханалық жолмен расталған деректер мына өңірлерде тіркелді:

  •  Астана қаласында – 3 жағдай;
  •  Маңғыстау облысында – 2 жағдай.

Қазіргі таңда елдегі эпидемиологиялық ахуал жіті бақылауға алынып, респираторлық вирустар айналымына мониторинг күшейтілген.

Аурудың басты белгілері мен қаупі

Шошқа тұмауы кезінде дене қызуы кенет көтеріліп, бас ауруы, қалтырау, бұлшықеттер мен буындардың сырқырауы байқалады. Сондай-ақ көз алмасын қозғалтқанда қатты ауырсыну сезіледі. Мамандардың айтуынша, бұл вирус түрінде ағзаның улану (интоксикация) деңгейі COVID-19-ға қарағанда әлдеқайда ауыр өтеді.

Инфекцияның ең қауіпті асқынуы — вирустық пневмония. Ол алғашқы 3–5 күннің ішінде өршіп, дене қызуы 38–40°C-қа жетіп, тыныс алу қиындайды, кеуде ауырып, қан аралас қақырық пайда болуы мүмкін. Әсіресе 65 жастан асқан қарттар, 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндер және жүкті әйелдер қауіп тобына кіреді.

Қалай сақтану керек?

Дәрігерлер аурудан қорғанудың негізгі жолы вакцинация екенін ескертеді. Бұдан бөлек, жеке гигиенаны сақтап, адам көп жиналатын орындарда маска тағу, бөлмені жиі желдету және ауру белгілері байқалған бойда өзін-өзі емдемей, бірден дәрігерге жүгіну қажет.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий