Қазақстандық Исматулла Мақсұм туралы: Бөлмесіне күнде бір бала шақырады

28.09.2026 • 12:42 Томирис САҒЫНДЫҚ
Қазақстандық Исматулла Мақсұм туралы: Бөлмесіне күнде бір бала шақырады
176
Фото: видеодан скриншот

Ақылбек Жұмабеков есімді азамат Қазақстандағы «сопылық» бағыттағы зікіршілер жамағатының жетекшісі, діни тұлға Исматулла Мақсұмның жасөспірімдерге жыныстық сипатта қысым көрсеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында айтты.

Куәгердің айтуынша, жамағат ішіндегі бұл жағдайлар бұған дейін де белгілі болғанымен, көбі ашық айтудан тартынған.

«Ес Батыр ағаның подкасты шыққаннан кейін мен Ақтөбе жаққа кетіп қалдым. Ол — өзіміздің бірге жүрген ағамыз. Подкастты көрдік, онда айтылғандардың бәрі шындық екенін сол жерде жүрген адамдардың барлығы біледі. Бірақ оны ешкім ашып айта алмайды. Бұл туралы өзге жамағатта жүрген адамдар да хабарласып, подкастта айтылғандардың бәрі шындық екенін растады. Дегенмен оны атаға ешкім ашық айта алмайды», — деді Ақылбек Жұмабеков.

Сондай-ақ ол жәбірленушілердің бірі өзіне тікелей хабарласып, болған оқиғаның мән-жайын видеобайланыс арқылы баяндап бергенін жеткізді.

«Үйде жүргенімде маған бір бала хабарласты. Ол кезде біз де «атаны әулие» деп жүретінбіз. Сол бала осы жағдайларға байланысты хабарласты. Өзін бұрын жүзбе-жүз көрмегенмін, бірақ достарым таниды. Ол маған видеобайланыс арқылы басынан өткен жағдайды айтып берді. Ол Мамырдағы үйде екі айдай немесе бір жылдай жатқан екен. Сол кезде оны атаның бөлмесіне шақыртқан. Бөлмеге кіргенде, жасы 16-18-дегі жас балаға жыныстық сипаттағы ұсыныстар жасаған. Бала бұдан шошып кетеді. Оған Исматулла Мақсұм: «Сен менікін тісте, мен сенікін тістеймін», — деген. Бала мұны түсінбей, «Ата, мұныңыз болмайды ғой» дегенде, оған күш көрсетпек болған. Бала оны итеріп жіберіп, қашпақ болғанда ұстап алып: «Кімге айтасың? Бұны айтсаң, саған ешкім сенбейді. Керісінше, өзіңді жынды қылып, соттатып жіберемін», — деп қорқытқан», — деді Ақылбек Жұмабеков.

Ақылбек Жұмабековтің сөзінше, бұл оқиға оның діни жетекшіге деген сенімін толықтай сөндірген және ұйым ішінде мұндай жағдайлар тұрақты сипатта болған.

«Мен мұны естігенде қатты таңғалып, тіпті жынданып кете жаздадым. Бұған дейін де бұл туралы бірнеше баладан естіген едік, бірақ сенбеген болатынбыз. «Әулие кісі ондайға бармайтын шығар» деп ойлайтынбыз. Ал мына бала өз басынан өткенді жылап айтқанда, мендегі барлық күмән сейілді. Ол кісінің бөлмесінде күніне бір бала алмасып отырады», — деді Ақылбек Жұмабеков.

Войдите, чтобы оставить комментарий