Қазақстандық жігіт Мьянмадағы құлдықтан қалай аман шыққанын айтып берді
27 жастағы Бақтыбек Дадайұлы Мьянмадағы "Алтын үшбұрыш" деп аталатын аймақта жеті күн бойы құлдықта болғанын айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп.
Қазақстанға жақында ғана көшіп келген ол жоғары жалақылы жұмыс іздеп, Қытайдағы сыныптасының ұсынысымен Бангкокке аттанған. Алайда әуежайдан қарсы алған белгісіз тұлғалар оны Мьянмаға жеткізіп, қайықпен қылмыстық топтың қолына шамамен 3 млн теңгеге сатып жіберген.
"Қайықтан түскен соң мені қарулы адамдар күтіп алды. Ұрып-соғып, қораға қамады. Мылтықпен қорқытып, қарсылассаң өлтіреміз деді. Кейін досымның мені 3,5 млн теңгеге сатып жібергенін білдім. Барлық заттарымды тартып алып, бостандығым үшін 40 млн теңге талап етті. Келесі күні әкемнің қарындасына хабарласып, құлдықта екенімді айттым", – деді Бақтыбек Дадайұлы.
Інісінің құлдыққа түскенін естіген әпкесі бірден Таиландқа ұшып барып, Қазақстан, Қытай және Норвегия елшіліктерінен көмек сұраған. Дипломаттар құтқару жұмыстарына кіріскен кезде қылмыскерлер тарапынан сес көрсету көбейген.
"Олар ақшаны аудармасаңдар, екі қолын кесеміз, ініңді тірідей көмеміз, ағзаларын сатып жібереміз деп қорқытты. Мен бірден полицияға жүгіндім. Үш мемлекеттің араласуынан кейін қылмыстық топтың басшылары інімді босату туралы бұйрық берді", – деді Бақытбектің әпкесі.
Қылмыскерлер көзін байлап, өзен жағасына лақтырып кеткен жігітті әскерилер күтіп алып, аман алып қалған. Бүгінде елімізде мұндай адам саудасымен күрес бағытында тиісті құқық қорғау органдары мен арнайы орталықтар жұмысын жалғастыруда.
Соңғы жаңалықтар