«Қол-аяғымды байлап қоятын»: 90 жастағы қария ұлынан қорлық көргенін айтты (ВИДЕО)
Атырау облысында 90 жастағы қарияның өз ұлынан қорлық көргені туралы ақпарат қоғамда қызу талқылануда, деп хабарлайды Politico.kz сайты “HALYQSTAN” Telegram арнасына сілтемемен.
Оқиға Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылында болған. Туыстарының айтуынша, қарт кісі өз еркінен тыс үйде ұсталып, ұзақ уақыт бойы қысым көрген. Ақсақалдың өзі оған тамақ пен су берілмегенін, сыртқа шығуға рұқсат етілмегенін және кей кездері қашып кетпеуі үшін қол-аяғын байлап қойғанын айтқан.
Жақындарының сөзінше, 90 жастағы қария бір күні үйден қайшы тауып алып, қолындағы скотчты кесіп босанған. Кейін түн ішінде терезе арқылы сыртқа шығып, туған бауырының үйіне жеткен. Сол жерде ол басынан өткерген жағдайды айтып, көмек сұраған.
Марқұмның туыстары бұл іске қарттың өз ұлының қатысы болуы мүмкін екенін алға тартып, әділ тергеу жүргізуді және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуде.
Атырау облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Департаменттің мәліметінше, 19 маусым күні дене жарақатын келтіру фактісі бойынша «Ұрып-соғу» бабымен іс тіркеліп, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланбайтынын мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар