Қонаевтың жиені болған белгілі инженер өмірден кетті
Қазақстан энергетикасы саласының дамуына зор үлес қосқан инженер, мемлекет қайраткері Алтай Камалұлы Қадыржанов 84 жасында дүниеден озды. Қаралы хабарды Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық қор жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Алтай Қадыржанов елдің энергетикалық инфрақұрылымын қалыптастыру мен жетілдіру ісінде маңызды рөл атқарған тәжірибелі мамандардың бірі болды. Оның еңбек жолы жылу және электр энергиясымен қамтамасыз ету жүйелерін дамыту, стратегиялық нысандарды жаңғырту және саланың басқару тетіктерін нығайтумен тығыз байланысты.
Ол – көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың жиені. Алайда замандастары мен әріптестері Қадыржановтың мансабы жеке кәсіби білігі мен табанды еңбегінің арқасында қалыптасқанын айтады.
Ерен еңбегі үшін ол «Құрметті энергетик» атағын алып, Құрмет орденімен марапатталған. Сонымен қатар ХХ ғасырдың танымал инженерлерінің бірі ретінде бағаланды.
Жақындары мен әріптестері оны іскер басшы, терең білімді маман әрі ғылым мен білімді қолдаған зиялы тұлға ретінде еске алады. Марқұмның туған-туыстарына және энергетика саласының өкілдеріне көңіл айту білдірілді.
Соңғы жаңалықтар