«Қош бол, батыр Ербаян»: Инга Иманбай Ербаян Мұхтардың қазасына қатысты жазба жариялады

24.06.2026 09:40 Мөлдір ҚАЙНАР
«Қош бол, батыр Ербаян»: Инга Иманбай Ербаян Мұхтардың қазасына қатысты жазба жариялады
293
Фото: коллаж POLITICO.KZ

Белгілі заңгер Инга Иманбай өмірден өткен Ербаян Мұхтарға арнап әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, осыдан екі жыл бұрын Ербаян Мұхтардың тағдыры арқылы әскердегі қауіпсіздік мәселесіне қоғам назарын аударуға тырысқан. Заңгер бұл оқиғаның бір ғана отбасының қасіреті емес, тұтас қоғамды алаңдатуы тиіс мәселе болғанын атап өтті.

«Мыңдаған адам Ербаян үшін алаңдап, оның өмірі үшін ата-анасымен бірге күресті. Осы екі жыл ішінде Ербаянның есімі әскердегі қауіпсіздік мәселесімен қатар аталды. Ол әскери ортадағы зорлық-зомбылыққа, жауапсыздыққа және жабық жүйедегі проблемаларға қоғам назарын аудартқан символға айналды», – деп жазды Инга Иманбай.

Заңгердің сөзінше, Ербаянның тағдыры көптеген мәселенің ашық айтылуына себеп болған. Оның оқиғасынан кейін ата-аналар үн қатып, қоғам талап қоя бастаған, ал жауапты органдар түсініктеме беруге мәжбүр болған.

«Кейде бір адамның тағдыры тұтас бір жүйені өзгертуге түрткі болады. Ербаян сондай азаматтардың бірі болды. Сондықтан біз оны ауыр тағдырдың иесі ретінде ғана емес, әскердегі қауіпсіздік үшін күрестің символы ретінде есте сақтаймыз», – деді ол.

Жазба соңында Инга Иманбай марқұммен қоштасып, оның күресі мен есімі ұмытылмайтынын жеткізді.

«Қош бол, батыр Ербаян. Сенің күресің босқа кеткен жоқ. Сенің атың Қазақстандағы әрбір сарбаздың өмірі мен қауіпсіздігі туралы сөз болғанда міндетті түрде еске алынатын болады», – деп түйіндеді заңгер.

Войдите, чтобы оставить комментарий