Құралай ханым: Мен жолдасым түгілі, бүкіл ауылды менсінбейтінмін

31.08.2026 10:45 Томирис САҒЫНДЫҚ
Құралай ханым: Мен жолдасым түгілі, бүкіл ауылды менсінбейтінмін
166
Фото: видеодан скриншот

Танымал психолог әрі блогер Құралай ханым жастық шағындағы тәкаппарлық мінезі, тұрмысқа шыққаннан кейінгі ауыл өміріндегі кездескен қиындықтар және оны жеңу жолы туралы баяндады. Сондай-ақ ортасын қабылдай алмау өзінің психология саласын зерттеуіне түрткі болғанын атап өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Құралай ханым журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында әңгімеледі.

«Иә, солай болды. Мен тек жолдасымды ғана емес, бүкіл ауылды менсінбеген едім. Ол кезде жас әрі тәкаппар едім, күйеуге 19 жасымда шықтым. Мен өмір бойы ата-анама айтып жүретінмін. Әкем 1969 жылы зооветеринарлық институтты бітірген еді. Сондықтан оның курстастарының бәрі қалада тұратын. Ол кезде біз Нарынқолдан каникулға келгенде, әкемнің үлкен лауазымды қызметтерде істейтін достарының үйлеріне баратынбыз. Олардың бойы екі метр қыздарының қасында ауылдан келген біздің екі бетіміз қып-қызыл болып жүретін. Сонда әкеме: «Осындай табақтай дипломың бар, 20 жыл бойы мына ауылда не істеп жүрсіңдер? Неге қалаға көшпейсіңдер?» – деп айтатынмын», – деді Құралай ханым

Бұдан бөлек, психолог келін болып түскен кездегі ауыл өмірінің тұрмыстық жағдайларына тоқталды.


«Менің анам – Алматыға жақын Ұзынағаш өңірінің қызы, әке-шешесі де сол жерде тұратын. Сондықтан анама: «Алматыда туып-өсіп, таудың басындағы Нарынқолға кім барып тұрады?» – деп ренжитінмін. Кейін мен Қошмамбет ауылының жанындағы «База» деген сиыр фермасына келін болып түскенде, бүкіл туыстарым таңғалып, «Үйдің жанында 18 сиыр бар, ол жерде үлкен қи жатыр». Ауылда отын жағып, қи шапақтаймыз, айналада түтін мен иіс болатын. Кешке мал келгенде, бергі жақтағы тауық фермасының иісі қосылып, шыбынды қорып отырып тамақ ішетінбіз. Соны көрген жақындарым: «Құралай, сенен мұндайды күтпеп едік. Қайсы қалаға тұрғаның?» – деп таңғалатын», – деді психолог.

Сондай-ақ ол ішкі психологиялық кедергілерді еңсеруі мен армандарының жүзеге асу процесін баяндады.

«Сонымен мен Қошмамбетті іштей қабылдай алмай, 20 жыл бойы арпалыстым. 1998 жылы келін болып түсіп, тек 2018 жылы Астанаға көштім. Менің басты арманым қалада тұру, балаларымды қаладағы мектептерде оқыту болды. Іштей қабылдамағандықтан, Қошмамбет те мені жібермеген сияқты. Тек 2013-2014 жылдары психологияның көмегімен бұл жағдайды қабылдай бастадым. Сол кезде ғана бәрі өзгеріп, тіпті ауылдың суы да дәмді болып көрінді. Бұрын «Неге мен мына кісілерді көремін?» деп айналамды да қабылдамайтын едім. 2009 жылдары біз дүкен аштық. Таңертең арақ сұрап келетін адамдарды көргенде: «Неге мен Қарақаттың немесе Гүлнұр Оразымбетованың көршісі емеспін?» – деп 2014 жылы әлеуметтік желіде пост да жаздым. Түрлі семинарларға қатысып, «Арманды ашық жазу керек» деген тапсырма алған соң: «Мені Қошмамбетте бәрі таниды, енді бүкіл Қазақстан таныса екен. Алтынай Жорабаевамен көрші болып, үйіме қонақ келгенде Алтынайдан ыдыс сұрағым келеді» деп жазғанмын. Шын мәнінде, қазір Алтынай екеуміз бір үйде тұрамыз. Ол кезде бойымда тәкаппарлық пен эго басым болып, айналамдағы адамдарды қабылдай алмадым», – деді Құралай ханым.

Войдите, чтобы оставить комментарий