Ресей билігі Нұрлан Сабуровтан қандай қауіп көргенін сарапшы түсіндірді

09.02.2026 12:14 Нақыпбек Фатима
Ресей билігі Нұрлан Сабуровтан қандай қауіп көргенін сарапшы түсіндірді
65
Фото: Jibek Joly

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев белгілі қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабуровтың Ресейге кіруіне салынған тыйымға қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Жақында қазақстандық стендап-комик Нұрлан Сабуровқа көрші елге баруға 50 жылға шектеу қойылған болатын. Саясаттанушының пікірінше, бұл жағдай оны Ресейде «нон-грата» персонасы атанған бірқатар қазақ саясаткерлері мен қоғам қайраткерлерімен бір қатарға қояды.

Сарапшы қазіргі уақытта Ресейге қарсы көзқарастағылар әзілкешті соғыс басталғанда нақты әрекет жасамағаны үшін айыптап жатқанын айтады. Алайда, дәл осындай талапты Ресей саясатын қолдайтындар да қоя алады. Екі жағдайда да Сабуров бір тарапқа жағыну үшін шұғыл қадамға бармаған.

«Желіні шолып шықсаңыз, Сабуров соғыс жаршыларының қатарына жатпайтынын көресіз. Ол, керісінше, көпшілік сияқты қауіп пен пайданы есептеп, сақтық танытып отырған жан. Әрине, ол бірінші кезекте өзін ойлады және қазақ образын коммерциялық мақсатта пайдаланды. Бірақ осы арқылы ол көрші елдің ақпараттық кеңістігінде қазақтарды бөлек, өзіндік көзқарасы бар саяси ұлт ретінде көрсетіп, «жұмсақ күш» құралы рөлін атқарды», – дейді Ғазиз Әбішев.

Еске салайық, комиктің шекарадан өткізілмегені Ресей әуежайында белгілі болған. Елге кіруге тыйым салынғанын естіген сәтте әзілкеш Дубайға тегін депортацияланудан бас тартып, өз қаражатына билет алып, Алматыға ұшып келген. Ресейлік басылымдар бұл шешім «ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін» немесе арнайы әскери операцияға қатысты пікірі себепті қабылданғанын жазды.

Кейін Алматыда Нұрлан Сабуров жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, қазір бұл іспен заңгерлер айналысып жатыр және құзырлы органдармен тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться



Войдите, чтобы оставить комментарий