Ресейдің Оңтүстік Кавказға ықпалы азайып бара ма?

Ресейдің Оңтүстік Кавказға ықпалы азайып бара ма?
17.07.2025 10:57
0
473
Коллаж POLITICO.KZ

Ресейдің Оңтүстік Кавказға ықпалы азайып бара ма?

Биыл маусымның соңы мен шілде айының басында Әзербайжан-Ресей қарым-қатынасы нашарлады. 27 маусымда Екатеринбургте Ресейдің құқық қорғау органдары жүргізген рейд барысында 2 Әзербайжан азаматы мерт болды. Баку бұған жауап ретінде батыл қадамдар жасады. 
Мәскеу де әзербайжандық тарапқа жауап берді. Бірақ Баку мен Мәскеу арасындағы дипломатиялық, ақпараттық және құқық қорғау органдары арқылы текетіресі саяси қақтығысқа ұласпады. Себебі ашық саяси қақтығыс екі тарапқа да тиімді емес екенін жақсы біледі. Дегенмен Бакудың батыл әрекеттері Оңтүстік Кавказдағы күш балансы өзгергенін көрсетті. Мәскеудің аймаққа ықпалы азайып бара жатқандай. 

Бакудың мақсаты саяси ұпай жинау

Баку мен Мәскеу қарым-қатынасы 2024 жылдың соңынан бері нашарлаған. Желтоқсан айында әзербайжандық авиакомпанияға тиесілі ұшақ Ақтау қаласында апатқа ұшырады. Баку болған оқиғаға Мәскеуді айыптады. Ал 28 желтоқсанда В. Путин И. Алиевпен телефон арқылы сөйлесіп болған оқиғаға байланысты көңіл айтқан. Бірақ Екатеринбургтегі оқиға қақтығыс әлі аяқталмағанын көрсетті. 
Баку бұл оқиғадан кейін бұрын соңды болмаған батыл қадамдарға барды. Ақтау кейсімен салыстырғанда Екатеринбургтегі оқиғаға қатаң жауап берді. Сыртқы істер министрлігінің Мәскеуді жылдам тергеу жүргізуге шақыруы, Парламенттің Ресейде болуы тиіс жиынға бармайтынын хабарлауы, құқық қорғау органдарының ресейлік «Sputnik Әзербайжан» басылымына қысымы мен барлық ресейлік мәдени іс-шараларды тоқтату туралы шешімдері қатаң жауап болып есептеледі. 
Бірақ текетірес саяси қақтығысқа ұласқан жоқ. Саяси және экономикалық байланыс әлі жалғасуда. Онда Әзербайжан мұндай қадамға неге барды? 
Біріншіден, Бакуге ішкі саяси ұпай қажет. Таулы Қарабақ аумағын елге қайтарғаннан кейінгі эйфорияның әсері азайды. Арменияны сыртқы жау ретінде көрсету бұрынғыдай нәтиже бермейді. Сондықтан Мәскеуге батыл жауап беру арқылы электораттың алдында саяси ұпай жинауды көздеп отыр. 
Екіншіден, сыртқы саяси ұпай да маңызды. Мәскеуге қарсы жауап беру арқылы батыс әлемінде Баку жайлы жағымды көзқарас қалыптастыруды көздейді. Себебі ЕО елдегі азаматтық қоғамның жағдайына байланысты жиі сын айтады. 2024 жылы ақпанда И. Алиевтің Украина президенті В. Зеленскимен кездесуі Бакудың ЕО-пен қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған қадамы екені сөзсіз.

Мәскеудің ықпалы азайып бара ма?

Оңтүстік Кавказ Еуразиядағы маңызды геосаяси аймақтың бірі. Аймаққа Грузия, Әзербайжан және Армения секілді мемлекеттер кіреді. Дәстүрлі түрде онда Ресейдің ықпалы басым. Сондай-ақ АҚШ, Түркия, ЕО, Иран секілді мемлекеттердің де мүдделері түйіседі.  
Алайда соңғы жылдары Мәскеудің аймаққа ықпалы азаюда. Мәскеудің позициясын жоғалтуына аймақта «бөліп ал да билей бер» саясатын ұстануы себеп болып отыр. Ресей КСРО ыдырағаннан бері Оңтүстік Кавказды тұтас аймақ ретінде қарастырмаған. Мұның салдарынан алдымен Грузиямен қарым-қатынас нашарлады. 2003 жылы М. Саакашвили билікке келгесін екі ел арасына сызат түсті. Екі ел арасындағы гибридті текетірес 2008 жылы ашық әскери қақтығысқа ұласты. 
2020 жылы Екінші Қарабақ соғысынан кейін Армениямен байланыс нашарлады. Ереван Мәскеуге соғысқа қолдау көрсетпеді деп айып тақты. Н. Пашинян соғыста жеңіліп, елдегі саяси имиджі түсті. Бұл оны ЕАЭО және ҰҚШҰ ұйымдарымен байланысты нашарлатып Брюссельмен қарым-қатынасты жақсартуға түрткі болды. Енді 2024 жылдың соңынан Әзербайжанмен текетірес басталды. Осы аталған процесстер Мәскеудің аймаққа ықпалы азайып бара жатқанын көрсетеді. Ұзақ мерзімде Украинамен соғыс әрекеттері тоқтамайтын болса, Ресей аймақтағы өз позициясынан мүлдем айырылып қалуы мүмкін. 

Аймақ елдері біріге ала ма?

XXI ғасырда посткеңестік кеңістіктің ішінде ақырын аймақтану процесі жүруде. Әсіресе Орталық Азияның интеграциясы жоғары деңгейге жүріп жатыр. Бұған билік транзитін өткізген Астана-Ташкент тандемі әсер етті. Қазақстанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Өзбекстанда Шавкат Мирзиеевтің билікке келуі аймақ интеграциясына оң өзгеріс әкелді. Орталық Азияның мемлекет басшылары жыл сайын консультативтік кездесу өткізуде. Ұзақ мерзімде одақ құрылуы да мүмкін. 
Посткеңестік кеңістікте аймақтану процесін алғашқы болып Балтық бойы елдері бастаған. Латвия, Литва және Эстония жеке аймақтық одақ құрмаса да Еуроинтеграцияны бірауыздан таңдады. 
Ұзақ мерзімде мұндай процесс Оңтүстік Кавказ аймағында да жүзеге асуы мүмкін. Бірақ балтық бойы елдерімен салытырғанда, аймақ үшін ең тиімді даму бағыты ЕО немесе Ресей емес, өзара интеграция болып саналады. Бірақ интеграциялық процесске ішкі және сыртқы факторлар жол бермеуде. 
Әзірге Армения, Әзербайжан мен Грузия үш түрлі бағыт ұстанады. Грузия мен Армения еуроинтеграция бағытын таңдауы мүмкін. Ал Әзербайжан бұл бағытты таңдауы екіталай. Себебі ішкі саяси процесстер кедергі келтіреді. 
Аймақ интеграциясына кері әсер ететін ішкі факторға Армения мен Әзербайжан арасындағы шекара мәселесі кіреді. Әзербайжан Таулы Қарабақты ресми қайтарғанымен Армения бұл бағытта позициясын жоғалтпауға тырысады. Дегенмен бұл мәселе бейбіт жолмен шешілуі мүмкін. Себебі 10 шілдеде И. Алиев Абу-Дабиде Н. Пашинянмен кездесу өткізді. Бұл кездесудің екі ерекшелігі бар: Баку мен Мәскеу арасындағы текетірес кезінде болды және үшінші тарап қатыспай өздері келіссөз жүргізді. Мұндай кездесулер тұрақты түрде өтетін болса, екі ел арасындағы қарым-қатынас жақсарып, болашақта аймақтық интеграция процесінің күшеюіне әсер етуі мүмкін. 

Саясаттанушы Қыр баласы 2.0

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий