Санжар Боқаевты аяқасты Астанаға алып кетті: адвокаттары дабыл қақты

18.09.2026 15:36 Әсел МҰРАТ
Санжар Боқаевты аяқасты Астанаға алып кетті: адвокаттары дабыл қақты
414
Фото: ашық дереккөз

Қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың ісі бойынша алғашқы сот отырысы 28 қыркүйекте Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында өтуі тиіс. Алайда сот процесі басталмай тұрып, Боқаев Алматыдағы ҰҚК департаментінің тергеу изоляторынан Астанаға ауыстырылған, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы оның қорғаушысы Алма Мусина мәлімдеді. Оның айтуынша, Боқаевпен бірге қылмыстық іс бойынша айыпталған мобилограф Ұлан Нүсіпқожа да елордаға жөнелтілген.

Қорғаушылардың пікірінше, сотталушылардың басқа қалаға ауыстырылуы олардың сот отырысына дайындалуына және адвокаттармен жұмыс істеуіне қиындық туғызуы мүмкін.

«Кеше Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаментінің тергеу изоляторына Санжар Боқкаевқа барғанымызда, оның Астана қаласындағы тергеу изоляторына ауыстырылғанын білдік. Бүгін мобилограф Ұлан Нүсіпқожаның да Астанаға жеткізілгені белгілі болды. Бұл әрекеттер сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданған кезде жасалып отыр. Белгілі болғандай, 2026 жылы 28 қыркүйекте Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында қылмыстық іс бойынша алғашқы сот отырысы өтеді», - деді қорғаушы.

Адвокаттың сөзінше, бұған дейін Алмалы аудандық соты сот процесі басталғанға дейін, яғни 28 қыркүйекке дейін, айыпталушылардың Алматыға қайта жеткізілетінін айтқан. Алайда қорғау тарабы оларды этаппен тасымалдау туралы сот қаулысын алмаған.

«Құқық қорғау органдарының бұл әрекеттері Санжар Боқаевқа, Ұлан Нүсіпқожаға және олардың адвокаттарына сот процесіне дайындалуға кедергі келтіреді. Алмалы аудандық соты бізге сот отырысы басталғанға дейін, яғни 28 қыркүйекке дейін айыпталушылар Алматыға қайтарылатынын мәлімдеді. Алайда бізге оларды этаппен жеткізу туралы сот қаулысы берілген жоқ. Біз құқық қорғау органдарының бұл әрекеттері біздің қорғауымыздағы азаматтардың Алмалы аудандық сотының отырысына офлайн қатысуына жол бермеу мақсатында жасалуы мүмкін деп алаңдаймыз. Сондай-ақ істі Астанаға беру арқылы қорғаушылар мен айыпталушылардың жақындарына басқа қалаға барып, тұру мәселесінде қиындық туғызу көзделуі ықтимал», - деп жазды адвокат.

Осыған байланысты қорғау тарапы Бас прокуратура мен Жоғарғы Сот басшылығына жүгініп, сотталушылардың қорғану құқығын қамтамасыз етуді сұрады.

«Құрметті Бас прокурор! Құрметті Жоғарғы Сот төрағасы! Сіздерден объективтілік пен заңдылықтың сақталуына кепіл болуларыңызды сұраймыз. Айыпталушылар мен олардың адвокаттарының қорғану құқығының бұзылуына жол бермеуді өтінеміз. Айыпталушыларды Алматы қаласының Алмалы аудандық сотының қарауына қайтарып, бізге сот отырыстарына тиісті түрде дайындалуға мүмкіндік берулеріңізді сұраймыз», - деді адвокат.

Адвокаттың мәліметінше, Санжар Боқаевқа тоғыз жыл бұрын кәсіподақ қаражатының 42 миллион теңгесін жымқырды, Баум тоғайындағы ағаштарды заңсыз кесті және Instagram арқылы көрінеу жалған ақпарат таратты деген айыптар тағылған.

Войдите, чтобы оставить комментарий