Саранда дүкеншіні аяусыз пышақтаған қаскөй сотта кінәсіз екенін айтты

Саранда дүкеншіні аяусыз пышақтаған қаскөй сотта кінәсіз екенін айтты
01.05.2025 13:03
0
72
alash.kz

2025 жылдың қаңтарында Қарағандыда орын алған қатыгез қарақшылық шабуыл ісі бүгінгі таңда қоғам назарында, деп хабарлайды POLITICO.KZ. 

Tengrinews.kz мәліметіне сәйкес, Саран қаласының 51 жастағы тұрғынына дүкен иесін өлтіріп, тонады деген ауыр айып тағылып, ол сот алдында жауап беруде. Қылмыстық іс Қарағанды облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта қаралып жатыр. Судья – Бекзат Шалғымбаев.

Қылмыс хронологиясы

Оқиға 22 қаңтар күні таңертең болған. Дүкен ашылғаннан кейін 40 минут өткенде, бетперде мен камуфляж киген ер адам қолында пышақпен минимаркетке кіріп келген. Ол бірден кассаға қарай ұмтылып, дүкен иесіне шабуыл жасаған. Әйел қарсылық білдірмек болғанымен, шабуылдаушы оны бірнеше рет пышақтап, ауыр жарақаттар салған. Жәбірленуші кеңірдек пен іш қуысына тиген жаралардан көп қан жоғалтып, оқиға орнында көз жұмған.

Айыпталушының тұлғасы мен дәлелдер

Сотта анықталғандай, айыпталушы – азаматтығы жоқ, бұрын бірнеше рет қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған адам. Ол бір кездері есірткі қолданған, соңғы уақытта қоғамдық бірлестікте аутрич-маман ретінде жұмыс істегенін айтқан. Алайда, оның үстінен жүргізілген психиатриялық сараптама – есірткі қолдануға байланысты мінез-құлықтық ауытқулар болғанын, бірақ қылмыс кезінде өз әрекетіне толық есеп бергенін көрсеткен.

Күдікті дүкенге қара сапты аңшы пышағын алып келген. Ол алдымен дүкен ішінде басқа адам жоқ екеніне көз жеткізіп, есікті іштен бекіткен. Темекі сылтауымен сатушыны алдаған ол, артынша пышақпен шабуыл жасап, 180 мың теңгені алып ізін суытқан. Сол күні кешке ұсталған күдіктінің үстіндегі киімдері үйінің жертөлесінен табылған. Бастапқыда ол бұл қылмысты ақша үшін жасағанын мойындаған.

Соттағы мәлімдемелер: «Мен өлтіруге емес, тонауға бардым»

Сот процесінде айыпталушы өз кінәсін мойындамады. «Мен марқұмды өлтіремін деп барған жоқпын, тек тонамақ болдым» деген ол, тіпті әйелдің өзі «пышаққа түсті» деген мәлімдеме жасады. Сондай-ақ ол тергеу барысында қысым көргенін, есірткі беріліп, айтқандарын мойындатылғанын алға тартты.

«Мен сол күні үйден емес, жұмыстан шыққанмын. Тергеушілер маған есірткі беріп, айтқандарын мойындатты. Мен кінәмді мойындамаймын», – деді айыпталушы сотта.

Бұл қанды оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалып, әлеуметтік желіде таралған соң қоғамда үлкен резонанс тудырды. Сот процесі жалғасуда. Марқұмның отбасы мен қоғам бұл іске әділ үкім шығарылады деп үміттенеді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий