Сербияда көз жұмған 19 жастағы қазақстандықтың ісімен Жоғарғы прокуратура айналысады

14.08.2026 15:03 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Сербияда көз жұмған 19 жастағы қазақстандықтың ісімен Жоғарғы прокуратура айналысады
142
Қазақ қызының ісі жоғарғы прокуратураға өтті/Суретте: Амира Қанат

Шілде айының соңында Сербияда 19 жастағы қазақстандық Амира Қанат қаза тапты. Қазір бұл істі Сербияның Жоғарғы прокуратурасы қарап жатыр, деп хабарлайды Politico.kz порталы BES.media басылымына сілтемемен.

Марқұмның әкесі қызының суицид жасағанына сенбей, қоғам назарын аударуға тырысқан. Бұл іспен қазақстандық полиция айналысып жатқан жоқ. Адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша Сербияның Жоғарғы прокуратурасы осы факті бойынша тиісті материал жинақтаған. Алайда ресми қылмыстық іс әлі басталмаған. Сондықтан ол ҚР Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінің директорына арнайы өтініш түсірген.

«Мен қазақстандық дипломатиялық тараптан Сербияның құзырлы органдарына жүгінуді сұраймын. Оның ішінде өзім тікелей байланысқа шыққан Белград қаласының Жоғарғы жария прокуратурасы бар. Сонымен қатар Амираның өлімі алдында қасында болған және маңызды ақпаратқа ие болуы мүмкін адамдармен қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізу мүмкіндігін сақтап қалу мәселесін қоюды сұраймын», – деді Бауыржан Азанов.

Қыздың тәтесі Назима Рахымберді өлімге Белградтағы күдікті жаңа таныстары кінәлі деп санайды. Оның сөзіне қарағанда қайғылы оқиға алдында Амираның қасында болған адамдардың әрекеті күмән тудырады. Туыстары қыздың өз еркімен өмірмен қоштасқанына сенбейді.

«Ол сүйіспеншілікке толы, жағдайы жақсы отбасында өсті, әрқашан мейірімді, ашық, жарқын және жанашыр қыз болды. Оның болашаққа деген жоспары өте көп еді. Біз үнемі байланыста болдық, осы жылдың соңына дейін бірге жоспар құрдық. Ол дамуды, білім алуды және лайықты болашақ құруды армандады», – деді марқұмның тәтесі.

Сондай-ақ маусым айының ортасы мен шілденің басында Амираның мінезі қатты өзгергені айтылды. Ол байланысқа сирек шығып, достары мен жақындарына жауап беруді тоқтатқан. Осыған байланысты туыстары қыз қиын жағдайға тап болуы немесе біреудің ықпалына түсуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Туыстарының жазбаларынан кейін Амираны уақытша паналатқан Влад есімді жігіт байланысқа шықты. Ол Threads желісінде оқиғаға қатысты бірнеше видео жариялады. Жігіттің айтуынша екеуі Белградтағы барда танысқан. Ол кезде қыз тұратын жері жоқ екенін айтқан. Біраз уақыттан соң олар қайта кездесіп, Влад оған өз үйінде қалуды ұсынған. Содан бері қайғылы күнге дейін Амира сол жігіттің үйінде тұрған.

Влад оқиға күні үйден бірнеше сағатқа шығып кететінін ескерткенін алға тартты. Оның сөзіне қарағанда өзі және досы қыздың балконға шығып, секіріп кеткенін көрген. Сонымен қатар ол қыздың өлімінен кейін қойын дәптерін тапқандарын жеткізді. Онда Амираның Қазақстанда жүрген кезден бастап өзіне қол жұмсау ойымен күресіп келгені жазылған.

Бірнеше күннен кейін Влад, марқұмның туыстары және Белградтағы жаңа таныстары ешқандай түсініктеме берместен видеоларын өшіріп тастаған.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қайғылы оқиға туралы ақпарат түскен сәттен бастап туыстарымен тұрақты байланыста екенін мәлімдеді. Сербиядағы елшілік жергілікті құқық қорғау органдарына тиісті сұрау салған.

«Сербия тарапының ақпараты бойынша іс Сербияның Жоғарғы прокуратурасының өндірісіне берілді. Министрлікте жария кеңістікте аты аталған жекелеген адамдардың процессуалдық мәртебесі туралы мәлімет жоқ. Қазақстандық тарап тергеудің ресми нәтижесін күтеді және құзырлы органдармен өзара байланысты қолдайды», – делінген СІМ берген жауапта.

Қазір марқұмның денесі Қазақстанға жеткізілді. Елшілік туыстарына мәйітті елге қайтару бойынша қажетті консулдық-құқықтық қолдау көрсеткен.

Войдите, чтобы оставить комментарий