“Сериялық маньяк өлтірді”: Шиелі мен Жаңақорғанда болған оқиғалар жұртты шошытты
Қызылорда облысының полиция департаменті әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде кең тараған «өңірде сериялық маньяк жүр» деген қауесетті ресми түрде жоққа шығарды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ведомствоның мәліметінше, соңғы күндері тұрғындар арасында үрей туындауына бір-бірімен байланысы жоқ екі бөлек қайғылы оқиға себеп болған. Алайда құқық қорғау органдары бұл оқиғалардың арасында ешқандай ортақ қылмыстық байланыс жоқ екенін нақты айтты.
Бірінші оқиға 1 маусым күні Жаңақорған ауданында жергілікті тұрғынның өлімі тіркелді. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталды. Сот санкциясымен ол қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Екінші оқиға 3 маусым күні Шиелі ауданында канал шлюзінен бұған дейін жоғалып кеткен қыздың денесі табылды. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы толық тексеріліп жатыр.
Полиция бұл істер бойынша тергеу мүддесіне байланысты барлық деректер жарияланбайтынын атап өтті.
Сонымен қатар ведомство әлеуметтік желілерде расталмаған ақпарат пен түрлі қауесеттердің таралуы қоғамда негізсіз үрей тудыратынын ескертіп, азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды. Жалған ақпарат таратқандар заң аясында жауапкершілікке тартылатыны да қатаң ескертілді.
Соңғы жаңалықтар