Шерзат Полат ісі: Сот отырысты Талдықорғаннан Алматыға көшіруден бас тартты

Талдықорған қаласында Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша сот процесі басталып, қоғам назарын аудартқан қылмыстық оқиға жаңа кезеңге өтті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Судья Ержан Жанұзақов тараптардың істі Алматыға ауыстыру туралы бірнеше рет жасаған өтініштерін қанағаттандырмады. Сот отырысы 17 сәуір күні қорғаушы адвокат Калиеваның кешігіп келуіне байланысты 35 минутқа кеш басталды. Осы себепті судья адвокатқа ескерту жасап, тағы да кешіккен жағдайда сотқа құрметсіздік танытқаны үшін жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Адвокат Абенов істі Алматыға көшіру қажеттігін алға тартып, уақыт пен ресурстың тиімсіз жұмсалып жатқанын айтты. Бұл пікірді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев те қолдап, жол алыс болғандықтан, процеске онлайн қатысуға рұқсат сұрады. Сонымен қатар, марқұм Шерзат Полаттың әжесі де денсаулығына байланысты сот отырыстарына қатысуда қиындық туындайтынын айтып, сотты Алматыға ауыстыруды өтінді. Судья оған сотқа қатысудан босату туралы өтініш жазуға болатынын түсіндірді.
Қылмыстық іс бойынша тоғыз адам айыпталуда. Оның бірі – кәмелетке толмаған азамат. Негізгі айыптар "адам өлтіру", "ұрлық", "бұзақылық", "қылмысқа дайындалу және оқталу", сондай-ақ "қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша тағылған. Атап айтқанда, А. Шынасыл мен Р. Сакиевке адам өлтіру (ҚК 99-бабы), қылмысқа оқталу (24-бап), және бұзақылық (293-бап) бойынша айыптар тағылды. А. Тоқтаубаевқа бұзақылық (293-бап) және ұрлық (188-бап) бойынша жауапкершілік жүктелді. Сонымен қатар, Д. Әскентай, Ш. Белғожаев, Н. Ильясов, Н. Тоқтаубаев пен Д. Қалиахметке бұзақылық әрекеттері үшін (293-бап) айып тағылды. Ал кәмелетке толмаған Д. Ы-ға қатысты қылмысты жасыру (434-бап) бойынша іс қозғалды.
Сот процесін судья Ержан Жанұзақов жүргізіп жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар ретінде Ержан Құрақбаев пен Дана Сәрсенбай қатысуда. Бұл іс қоғамның назарын аудартқан маңызды сот процесіне айналып отыр.
Соңғы жаңалықтар





