Шетелдік әйел Алматы облысында өзін полицейлер зорлағанын айтты
Әлеуметтік желіде Алматы облысында шетелдік әйелдің полицейлер тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырағаны айтылған ақпарат тарады. Бұл жағдайға Алматы облысының полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Threads әлеуметтік желісіндегі abv_novosti парақшасында Алматы облысында зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтқан шетелдік әйел туралы жазба жарияланды.
«Қонаев қаласында 28 жастағы шетелдік әйел жергілікті полиция қызметкерлерінің өзін топ болып зорлағанын мәлімдеді. Бойжеткеннің айтуынша, құзырлы органдар оған арызды өз айтқандары бойынша жазғызған, кейін полицейлер оның пәтерін аңдып, заттай дәлелдемелерді алып кету үшін терезе торын шешіп алған.Қорыққаннан үйінен шығуға жүрексінеді, алайда оған медициналық көмек қажет. Оның үйіне жедел жәрдем мен патрульдік көлік те барған», – делінген жазбада.
Жазбадағы видеода әйел қолында заттай дәлелдеме – күдіктінің биоматериалы қалған іш киімі бар екенін айтады.
Жарияланымға Алматы облысының полиция департаменті жауап берді.
«Бұл факт бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Әйелдің арызына сәйкес, оқиға Қонаев қаласында болған. Алғашқы тергеу және жедел-іздестіру шаралары барысында арызда көрсетілген екі ер адам анықталып, ұсталып, полицияға жеткізілді. Оқиғаға қатысты барлық уәждер мен мән-жай мұқият тексеріліп, оларға тиісті құқықтық баға беріледі», – деп мәлімдеді полиция.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Істі тергеу Алматы облысы полиция департаменті тергеу басқармасына тапсырылған.
Тергеу мүддесіне байланысты ведомство әзірге басқа мәліметтерді жарияламай отыр.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары күдіктілердің полиция қызметкерлері екені туралы ақпаратқа қатысты түсінік берген жоқ.
Соңғы жаңалықтар