Сот прокурордың айфонын қайтарып берді: Мұрат Оспанов жазасын толыққанды өтейтін болды
Қостанай облыстық сотының апелляциялық алқасы Рудный қаласының бұрынғы прокуроры Мұрат Оспановқа қатысты үкімді қайта қарады, деп хабарлайды Politico.kz порталы «Наша Газета» порталына сілтеме жасап.
Сотталған экс-прокурор мен оның қорғаушылары жазаны жеңілдетіп, бас бостандығынан айыруды айыппұлға ауыстыруды сұрады. Алайда сот алқасы үкімнің негізгі бөлігін өзгеріссіз қалдырып, тек бір ғана түзету енгізді.
Апелляциялық отырыста адвокаттар Мұрат Оспановтың кәмелетке толмаған балалары бар екенін және кінәсін толық мойындағанын алға тартты. Олардың айтуынша, сотталушының туыстары қомақты айыппұлды төлеуге қауқарлы, бұған дәлел ретінде банк шоттарынан анықтамалар ұсынылған.
Мемлекеттік айыптаушы жазаны жеңілдетуге қарсы болғанымен, тәркіленген мүлікке қатысты маңызды мәселені көтерді. Прокурор Танзиля Орымбаева үкім бойынша тәркіленген iPhone 15 ұялы телефоны қылмыс құралы емес екенін және оның заңсыз жолмен алынбағанын айтты. Сондықтан оны иесіне қайтару қажеттігін мәлімдеді.
Судья Мадина Саламатова прокурордың бұл уәжімен келісіп, телефонды экс-прокурорға қайтару туралы шешім қабылдады. Бірақ жазаны айыппұлға ауыстыру туралы өтінішті қанағаттандырмады.
«Қылмыстық заң жазаны тағайындағанда қылмыстың қоғамға қауіптілігі мен сотталушының жеке басын ескеруді міндеттейді. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының қоғамға қауіптілігі жоғары екені айтпаса да түсінікті. Сот алдындағы теңдік қағидасын сақтай отырып, құқық қорғау жүйесіндегі жауапты қызметтегі тұлғаларға қосымша міндеттер жүктелетінін ескеру қажет. Оспановқа тек мемлекеттік қызмет туралы заңды сақтау емес, сыбайлас жемқорлықпен күресу міндеті де жүктелген еді. Сондықтан бас бостандығынан айыру жазасы заңды әрі негізді», – деді судья Мадина Саламатова.

Еске сала кетейік, былтыр тексеріс комиссиясы Рудный қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінен заң бұзушылықтар анықтаған. Сол кезде прокурор болған Мұрат Оспанов бөлім басшысына қылмыстық істі қысқартып беремін деп, ол үшін 20 миллион теңге пара сұраған жерінен ұсталды.
Былтыр қазан айында сот оны пара алуға оқталғаны үшін кінәлі деп тауып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған болатын. Енді үкім заңды күшіне енді.
Соңғы жаңалықтар