Сотта фельдшер Ұлдана Мырзуанның нақты өлім себебі жарияланды

03.09.2026 17:13 Мөлдір ҚАЙНАР
Сотта фельдшер Ұлдана Мырзуанның нақты өлім себебі жарияланды
314
Фото: видеодан скриншот

Астанада көпқабатты үйдің қасбеті опырылып түсуінен қаза тапқан 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесі қылмыстық іс материалдарын зерттеу кезеңіне өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот отырысында сот-медициналық сараптамасының ресми қорытындысы оқылды. Мемлекеттік айыптаушы Нұрдәулет Аубовтың айтуынша, марқұм алған ауыр жарақаттарынан ес жимастан көз жұмған.

«Сараптама қорытындысына сәйкес, марқұм бас сүйегінің сынуымен, ми қабықтарының астына қан құйылуымен және ми тінінің соғылуымен қатар жүретін ашық бас-ми жарақатын алған. Бұл жағдай мидың ісінуіне, ми құрылымдарының ығысу синдромының дамуына және өмірлік маңызды қызметтерді басқаратын ми бағанының қысылуына әкелген», – деп мәлімдеді прокурор.

Дәрігерлердің қорытындысында марқұмның көз ұялары, бет сүйектері, маңдай, төбе және самай тұстары сынғаны, сондай-ақ үш бірдей ірі гематома миды қысып тастағаны жазылған. Сарапшы алған ауыр соққылар мен қыздың өлімі арасында тікелей байланыс бар екенін растады.

Войдите, чтобы оставить комментарий