Сыныптастары 13 жастағы баланың аяқ-қолын байлап, терезеден лақтырып жіберген

Ресейдің Мурман облысында жасөспірімдердің 13 жастағы мектеп оқушысына жасаған қатыгез әрекеті қоғамда үлкен резонанс тудырды. Telegram-дағы «Осторожно, новости» арнасы таратқан мәліметке сәйкес, Мурмаши елді мекенінде бір топ жасөспірім өз қатарласын азаптап, бұл сәттерді видеоға түсіріп, 11 шілде күні әлеуметтік желілердегі жергілікті пабликтерде жариялаған.
Бейнежазбаларда 13 жастағы баланың аяқ-қолын байлап, екінші қабаттан лақтырып жібергені анық көрінеді. Бала ауырсынғаннан айқайлап жатқанда, күдіктілер оны мазақ етіп, күліп тұрған. Оқиға салдарынан жеткіншек қолын сындырып, тағы бірнеше дене жарақатын алған. Белгілі болғандай, бұған дейін де ол соққыға жығылып, тіпті төбеге байлап ілінген сәттерді бастан кешкен.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бала ұзақ уақыттан бері сыныптастары тарапынан қысым мен қорлық көріп келген. Қазіргі таңда Мурман облысы бойынша Тергеу комитетінің басқармасы «жәбірлеу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеушілер видеоға түсіп үлгермеген, кадр сыртында қалған күдіктілермен жұмыс жүргізіп жатыр.
Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Бұл жағдай мектептегі буллинг пен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесінің өткірлігін тағы да алға шығарды.
Соңғы жаңалықтар




