"ТikTok арқылы тапқан": қария 67 жылдан кейін бауырымен қауышты
Әлеуметтік желіде Қытайда отбасынан ажырап қалған ағасын 67 жылдан кейін тапқан қазақстандықтың әсерлі видеосы тарады, деп хабарлайды Politico.kz.
Кадрларда екі бауырдың қауышу сәтінде көз жасына ерік беріп, құшақтасқаны көрінеді.
Stan.kz тілшісі бұл оқиғаға қатысты қазақстандықтың қызы Айкерім Қазыбекқызымен сөйлесті. Оның айтуынша, Өрікбаевтар әулетінің бір бөлігі шекара бөлінген кезде Қытайда қалып қойған. Әкесі Қазыбек Өрікбайұлы кенже бала болып, туғанынан бірнеше күн өткен соң отбасы Қазақстанға көшкен. Ал сол кезде 17 жастағы ағасы Рамазан Шәріп Өрікбайұлы оқуына байланысты Қытайда қалып қойған.
Бауырлар ұзақ жылдар бойы бір-бірінен хабарсыз қалған. Қазыбек Өрікбайұлы ағасын өмір бойы іздеп, түрлі телебағдарламаларға жүгінгенімен, нәтиже болмаған.
Өткен жылдың қазан айында Қытайда тұратын қарияның туыстарын іздеген видеосы әлеуметтік желіде таралып, ақыры Қазақстандағы туыстарына жеткен. Видео арқылы қарияның фамилиясын таныған Айкерім оның әкесінің ағасы екенін бірден аңғарған.
Қуанышты жаңалықты естіген Қазыбек Өрікбайұлы ұзақ уақыт өз-өзіне келе алмай, көз жасын тыя алмаған. Виза мәселесіне байланысты бауырлар тек екі айдан кейін, 23 қаңтарда Қытайда жүздескен. Олар бір апта бойы бірге болып, бір-біріне өмір бойғы сағынышын тарқатқан.
Қазіргі таңда Рамазан Шәріп Қытайдың Бэйтунь қаласында тұрады, отбасылы, төрт баласы бар. Енді жаз айларында қазақстандық туыстарының Қытайға қайта баруы жоспарланып отыр.
Соңғы жаңалықтар