Тағы бір ұлы тұлғаның ескерткішін қорлаған ұсталды

28.05.2026 17:18 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тағы бір ұлы тұлғаның ескерткішін қорлаған ұсталды
335
Фото: instagram.com/sergek_almaty_

Қонаев қаласындағы Орталық саябақта жазушы Бердібек Соқпақбаев пен оның «Менің атым Қожа» повесінің кейіпкеріне қойылған ескерткішке шығып, құрметсіздік танытқан 17 жасар жасөспірімді полиция қызметкерлері ұстады, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желіде мәдени нысанға өрмелеп, қоғамдық тәртіпті елемеген жастардың суреті тараған соң тәртіп сақшылары жедел іздестіру шараларын жүргізді. Белгілі болғандай, ұсталған бала қазіргі уақытта балаларға арналған арнайы мекемеде тәрбиеленіп жатыр.

«Аталған дерек бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты әкімшілік материал жиналып, заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды», – деп мәлімдеді облыстық полициядан редакциямызға.

Сонымен қатар баланың заңды өкілінің қатысуымен қоғамдық орындарда тәртіп сақтау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай бұл мүсін Қонаевта 2024 жылдың желтоқсан айында ашылған болатын. Осыған ұқсас жағдай бұған дейін Астана қаласында да тіркеліп, 18 жастағы тұрғын жазушы Бейімбет Майлиннің ескерткішіне шығып суретке түскені үшін жауапқа тартылған еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий