Танымал актер Рүстем Жаныамановтың ұлы өмірден өтті
Танымал актер Рүстем Жаныамановтың тұңғыш ұлы Нұрмұхаммед өмірден өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Қаралы хабарды медиа менеджер Гүлнұр Мамасарипова әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Ол актердің отбасына көңіл айтып, мұндай қайғыға жұбататын сөз табудың қиын екенін жеткізген.
«Біздің Рүстем Жаныаманов пен Жанаргүл тұңғыш ұлы Нұрмұхаммедтен айырылып қалды. Бала бауыр еттен өткенде, бұндайда жұбататын сөз табу да оңай емес. Бекем болыңдар, біз қастарыңдамыз. Көзкөргендер, әріптестер, естімей қалмасын деп жазып отырмын», – деп жазды Гүлнұр Мамасарипова.
Желіде жарияланған ақпаратқа сәйкес, Нұрмұхаммедтің жаназа намазы 2 маусым күні Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Жамбыл ауылында өтеді.
Айта кетейік, бұған дейін Рүстем Жаныаманов ұлының денсаулығына байланысты бірнеше жылдан бері күресіп келе жатқанын айтқан болатын. Актердің сөзінше, Нұрмұхаммед ауыр дертпен бес-алты жыл бойы арпалысып келген.
Марқұмның жақындары мен туыстары қаралы хабарды ауыр күйзеліспен қабылдап, отбасыға көңіл айтуда.
Соңғы жаңалықтар