Таразда қызғаныштан әйелді тұншықтырып өлтірген ер адамға сот үкімі шықты

01.08.2026 09:19 Қарақат АСЫЛОВА
Таразда қызғаныштан әйелді тұншықтырып өлтірген ер адамға сот үкімі шықты
193
Ашық дереккөзден

Тараз қаласында таныс әйелін қызғаныш салдарынан өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол адам өлтіру және ұрлық жасау қылмыстары бойынша кінәлі деп танылып, 13 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тергеу материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға өткен жылы Тараздағы пәтерлердің бірінде болған. Сол күні сотталушы әйелмен және оның танысымен бірге спирттік ішімдік ішкен. Кейін қонақ кеткен соң, ер адам мен әйел пәтерде екеуі ғана қалған.

Бір мезетте әйелдің телефонына қоңырау шалынып, ол хабарласып тұрған адамның күйеуі екенін айтқан. Осы сөзден кейін ер адам қызғанышқа бой алдырып, әйелдің мойнын қысып, тұншықтырған. Салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмған.

Қылмысты жасағаннан кейін сотталушы марқұмға тиесілі құны шамамен 15 мың теңге болатын ұялы телефонды алып, пәтерден кетіп қалған. Біраз уақыт қала көшелерінде жүргеннен кейін кешкісін саябақтардың бірінде полиция қызметкерлеріне өзі келіп, адам өлтірген болуы мүмкін екенін хабарлаған.

Күдіктінің көрсетуімен оқиға орнына барған полицейлер пәтерден әйелдің мәйітін тапқан.

Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің адам өлтіру және ұрлық жасау баптары бойынша кінәлі деп танып, қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығы негізінде қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сонымен қатар сот оның әрекетінен қауіпті қылмыстық қайталану белгісін анықтап, психобелсенді заттарды қолдануға байланысты мәжбүрлі ем қабылдау туралы шешім шығарды.

Войдите, чтобы оставить комментарий