"Толық ақталмаған": Заңгер Айгүл Орынбек жылқышының ісіне қатысты пикір білдірді
Заңгер Айгүл Орынбек Ақтөбе облысындағы қарт жылқышыға қатысты қоғамда кеңінен талқыланып жатқан іске байланысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол көпшілікті әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа бірден сенбей, оқиғаның мән-жайы мен құқықтық құжаттарына сүйеніп қана баға беруге шақырды. Айтуынша, алғашқы тараған бейнежазба жұртшылықтың біржақты пікір қалыптастыруына себеп болған.
"Жалған ақпаратты тарату арқылы қоғамның эмоциясымен қалай ойнауға болатынын осы оқиға анық көрсетті. Ақтөбе облысындағы қарияның видеосын көріп, мен де ашуландым. Бірақ істің толық құжаттарын зерттемей жатып пікір білдіруге асықпадым. Руслан Өтепбайдың видеосынан түйгенім – қария апелляция арқылы толық ақталмаған. Ол шартты түрде және амнистиямен ғана шыққан. Демек, қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам", – деді Айгүл Орынбек.
Сондай-ақ заңгер бұл оқиғадағы ең ауыр жайттың бірі ретінде инсульт алған қарияның еңбек етуін жалғастырғанын және оның ұлының әрекетін атап өтті.
"Мені ең қатты қынжылтқаны – пайғамбар жасына келген әкесін инсульт алғанша мал соңында жүргізген ұлы. Әкесі сол күйге жеткенше неге еңбек етті? Бұл жерде біреуді қаралау емес, шындықты айту маңызды", – деп толықтырды ол.
Сөз соңында заңгер қоғамды мәселені эмоцияға берілмей, заң мен нақты деректер негізінде бағалауға шақырып, егде жастағы азаматтардың осындай жағдайға тап болуына жол бермейтін жүйе қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар