Тоқаев 2029 жылы президенттікке түсе ме? Өзі жауап берді
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылғы сайлауға қатысу туралы нақты шешімін келесі жылы жариялайды, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы бұл туралы бүгін, 23 тамызда өтіп жатқан Құрылтай депутаттары сайлауында дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифингте мәлімдеді.
«Власть» басылымының тілшісі Тамара Вааль президенттен 2029 жылғы сайлауға түсу жоспары туралы сұрады. Журналист жақында Конституциялық сот түсіндірме жариялағанын, оған сәйкес Тоқаевтың қайта сайлануға заңды құқығы бар екенін еске салды. Оның айтуынша, бұл жаңалық қоғамды елең еткізген. Тілші президенттен өз құқығын пайдаланатынын және сайлаудың кезектен тыс өту мүмкіндігін нақтылауды өтінді.
Мемлекет басшысы Конституциялық соттың шешімін растап, заң жүзінде қайта сайлануға құқығы бар екенін атап өтті. Алайда ол алдағы уақытта сайлау өткізу және оған қатысу туралы сөз қозғауға әлі ерте екенін мәлімдеді. Тоқаев бұл тақырыпқа алдағы уақытта қайта оралатынын айтты.
«Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте. Біз еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді еңсеруіміз керек. Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайынмын. Халықтың игілігіне жарата алмасақ, қаражатты шетелдерде құнды қағаз ретінде ұстап отырудың қажеті қанша? Қаржыны жай ғана ұстап отыруға қарсымын. Қаражат халқымыздың, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек. Әрине, әлемдегі жағдайға баса назар аударуымыз, жан-жақты талдауымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, геосаяси ахуал күрделі. Бұралаң жолмен жүргенімізге қарамастан, ел ішінде бейбітшілікті сақтап, дамуға қарай бет алып келеміз. Экономикалық өсім анық байқалады. Мұны негізгі халықаралық қаржы институттарының бағасы да растады. Алдағы уақытта тағы жолығармыз. Бәлкім, келесі жылы... Сол кезде сізге нақты жауап беремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Конституциялық соттың 2026 жылғы 7 шілдедегі шешіміне сәйкес, 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституциядан кейін Мемлекет басшысының бұған дейінгі президенттік мерзімдері есептелмейді. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевтың болашақ президент сайлауына алғаш рет қатысушы ретінде заң жүзінде түсуіне мүмкіндік бар.
Соңғы жаңалықтар