Тоқаев Құрылтай депутаттарына қойылатын басты талаптарды атады

23.08.2026 13:22 Әсел МҰРАТ
Тоқаев Құрылтай депутаттарына қойылатын басты талаптарды атады
167

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Құрылтай депутаттары сайлауында дауыс беріп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы брифинг өткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Президент алғашқы бір палаталы Парламент сайлауының тарихи мәні зор екенін және бұл саяси өзгеріске үлкен үміт артатынын жеткізді. Оның сөзінше, қоғамда тың бастамаларға жол ашылып отыр.

«Әлгінде ғана айтқанымдай, алғашқы бір палаталы Парламент сайлауының тарихи мәні зор. Құрылтай сайлауына үлкен үміт артамын. Еліміздің дамуына тың серпін береді деп санаймын. Жаңа тұлғалар мен жаңа идеялар пайда болды. Жастардың ой-пікірін еркін жеткізуін, мемлекетіміздің қалыптасуына үлес қосуын әрдайым қолдаймын. Депутаттар, ең алдымен, заңның сапасына жауап береді деп сенемін. Екіншіден, олар берген уәделерін немесе бағдарламаларын орындауға тиіс. Үшіншіден, ел дамуына ықпал ететін заңдар қабылдануы керек. Қазір заман күрделі. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Сондықтан туған елімізді озық, заманауи мемлекетке айналдыру жолында күш-жігерімізді біріктіру керек. Бұл ретте Конституция бізге мол мүмкіндік береді. Біртұтас ел болып қабылдаған Жаңа Конституциямыз өте озық, мазмұнды құжат деп айтсақ, қателеспейміз. Сондықтан Ата Заң бізге, әсіресе, жастарға жарқын жол нұсқайды. Келешегіміз – жастардың қолында. Оған күмән жоқ», – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгін, 23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарына сайлау өтуде. Бұған дейін Президент вице-президенттің кім болатыны 10 күннен кейін белгілі болатынын және 2029 жылы өтетін президенттік сайлауға қатысу немесе қатыспау туралы шешімін айтқан еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий