«Түтік іріңге толып кеткен»: Ербаян Мұхтардың отбасы дәрігерлерді салғырт қарады деп айыптады
23 жастағы Ербаян Мұхтардың қайтыс болуынан кейін оның отбасы алғаш рет мәлімдеме жасап, дәрігерлерді салғырттық танытты деп айыптады, деп хабарлайды Politico.kz.
Марқұмның ағасы Наурызбай Сакибаевтың айтуынша, Ербаян мамыр айының соңында өкпе қабынуы асқынып, ауруханаға түскен. Алайда туыстары медициналық қызметкерлер науқастың жағдайын тиісті деңгейде бақыламаған деп есептейді.
"Ербаян пневмониямен ауырды. Үйде өзін жақсы сезініп жүрген. Кейін жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жатқыздық. Осында шамамен жиырма күн жатты. Телефонымда сақталған видеолар бар – тыныс алуына арналған түтік түгелдей іріңге толып кеткен. Оған дұрыс қарамаған сияқты. Соның салдарынан инфекция асқынып, жағдайы күрделене түсті", – дейді ол.
Отбасының сөзінше, қайтыс болғаны туралы хабардан кейін ауруханаға барған жақындары Ербаянның денесі әлі жылы болғанын байқаған.
"Анасы, әкесі және әпкесі барған кезде оның денесі жылы еді. Қан айналымы жүріп жатқандай көрінді, жүрегі соғып тұрғандай болды. Олар дәрігерлерден: «Неге аппаратты өшірдіңіздер?» деп сұрады. Бірақ оларға Ербаянның қайтыс болғанын айтқан", – деді марқұмның ағасы.
24 маусымға қараған түні Ербаянның денесі сараптама жүргізу үшін мәйітханаға жіберілген. Алайда отбасы тергеудің әділ өтетініне күмән келтіріп, денені сараптамасыз жерлеуге рұқсат беруді сұраған.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің барлық қажетті көмекті көрсеткенін және Ербаян Мұхтардың өлімі ауыр жарақат салдарынан туындаған асқынулардың нәтижесі екенін мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар