Үкімет ең төменгі жалақыны есептеу жүйесін түбегейлі өзгертпек
Қазақстан Үкіметі ең төменгі жалақыны есептеудің ескірген жүйесін өзгертуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Сенатта өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда айлықты есептеудің нақты әрі тұрақты механизмін бекіту қажет. Шенеунік жалақыны анда-санда, науқандық түрде бір көтеріп қою емес, оны жоспарлы жүйеге келтіру маңызды екенін алға тартты.
Талқыланып жатқан негізгі нұсқалардың бірі – халықаралық тәжірибеге сүйену.
«Бізде орташа жалақы бар және медиандық жалақы деген ұғым бар. Кейбір сарапшылар ең төменгі жалақыны медиандық жалақының 45-50 пайызы көлемінде белгілеу керек деп есептейді. Біз осы тәсілдердің бәрын пысықтап, бір тоқтамға келуіміз қажет. Бұл тұрақты, жоспарлы негізде жүзеге асуы тиіс», – деді Серік Жұманғарин.
Алайда, жаңа жүйені енгізу үшін алдымен мемлекет қазынасын ретке келтіру қажет. Үкімет бюджет кірісін арттырып, тиімсіз шығындарды қысқартуды көздеп отыр.
Ең маңыздысы – жалақының жаңа жүйесі қашан іске асады? Министрдің сөзіне қарағанда, бұл жақын арада болатын шаруа емес.
Үкімет алдымен 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында салық және бюджет реформаларының қалай іске асатынын бақыламақ. Содан кейін ғана, 2027-2029 жылдарға арналған бюджетті жоспарлау кезінде ең төменгі жалақы мәселесі қайта қаралмақ. Яғни, нақты өзгерістерді кем дегенде тағы екі жыл күтуге тура келеді.
Соңғы жаңалықтар