Ұлытауда жігіттің анасы жазықсыз ұлын түрмеге жапқан "келініне" налып отыр
Шымкентте қыз алып қашты деген күдікпен екі жігіт қамауға алынды. Алайда басты күдіктінің анасы бойжеткеннің үйге өз еркімен келгенін айтты. Туыстарының сөзіне қарағанда, келін жағы арызын қайтарып алу үшін 5 млн теңге талап еткен, деп хабарлайды Politico.kz порталы «Информбюро» 31 телеарнасына сілтемемен.
Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сүйенсек, 19 жастағы Аида есімді бойжеткен қыз алып қашуды өзі ұсынған. Жігіттің жақындары оның Созақ тумасымен 9 ай бойы көңіл жарастырғанын айтады. Тіпті 24 жастағы Нұрсұлтан Жолдыбайдың қызға сән-салтанатпен ұсыныс жасаған бейнежазбасы да бар.
Олардың айтуынша, бойжеткен Ұлытау облысындағы Қарсақбай кентіне еш қарсылықсыз барған. Көлік ішінде достарына сәлем жолдап, басына ақ жаулық жабылғанда да қуанышты болған. Алайда айғай-шусыз босаға аттаған ару әкесі келгенде күрт өзгерген көрінеді. Ол сол жерде кетемін деп жанжал шығарып, артынша полицияға шағым түсірген.
«Өзі келісіп келген. Сол Шымкент қаласына барып, сөзін салып, күшті қылып Қарсақбайға алып келіп түсірдік. Түсіргенде де күшті көңілмен келді ол қыз бала. Аяқ-қолын сындырып алып кетем деп бір ағасы айғайлады. Біз бірақ қызды таятқан жоқпыз. Қыз өзі келдім. Мен бармаймын деді. Неге олай істегенін білмедім. Ұлымды жазықсыз қаматып тастап отыр ғой енді», – деді күдіктінің анасы Нұргүл Алтынбаева.
Полиция мәліметінше, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Жәбірленуші бойжеткен оқиғаға қатысты журналистерге сұхбат беруден бас тартқан.
«Алдын ала мәлімет бойынша арызданушыны қаладағы демалыс орындарының бірінен еркінен тыс алып кетіп, некеге тұруға мәжбүрлеген. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде екі күдіктінің жеке басы анықталды және олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жәбірленушінің өзі сұхбат беруден бас тартты. Қыз алып қашамын деп абақтыға жабылған екі достың үстінен сөз байласып некеге мәжбүрлеу бабы бойынша іс қозғалды», – деді Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Егер ұсталған азаматтардың кінәсі сотта дәлелденсе, олар 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар