Ұрлық жасаған бір отбасының үш келіні ұсталды
Алматыда қалта ұрлығымен айналысқан ерекше отбасылық қылмыстық топ құрықталып, оның соңғы мүшесі қолға түсті. Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, бұл қылмыстық схеманы бір отбасының үш келіні бірлесіп құрған, деп хабарлайды Politico.kz.
Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қылмыстық топтың үшінші қатысушысы ұсталды. Бұған дейін оның екі сыбайласы қолға түскен болатын, қазіргі уақытта күдіктілердің үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті әйелдер өзара рөлдерді алдын ала бөлісіп, ұрлық жасау үшін адам көп жиналатын орындарды таңдап отырған. Олардың негізгі нысаны — қала базарлары, қоғамдық көліктер және халық тығыз шоғырланатын өзге де қоғамдық орындар болған. Қылмыстық топ негізінен азаматтардың ұялы телефондарын, қолма-қол ақшалары мен алтын бұйымдарын жымқырып келген.
Полиция қызметкерлерінің жинақтаған дәлелдемелеріне сәйкес, ұсталған келіндердің Алматы аумағында жасалған дәл осындай ондаған қылмысқа қатысы болуы мүмкін. Қазіргі уақытта бұл деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары қызу жүріп жатыр.
Соңғы жаңалықтар