Ұстаздар күні: қандай сыйлық үшін 2 миллион теңге айыппұл салынуы мүмкін?

Мұғалімдер күні қарсаңында Қазақстанда педагогтарға алғыс білдірудің заң аясында болуы керектігі ескертілді. Tengri Education заңда қандай сыйлықтарға рұқсат етілетінін және қайсысы үшін айыппұл немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын анықтады.
Заң не дейді
Заңгер Данияр Байгабатовтың айтуынша, мұғалімдерге қымбат сыйлық жасауға тыйым салынған.
«Тек құны 10 АЕК-тен аспайтын (2025 жылы – 39 320 теңге) қарапайым сыйлықтарға ғана рұқсат етіледі. Бұл талап ҚР Азаматтық кодексінің 509-бабында белгіленген», — деді маман.
Байгабатовтың айтуынша, заң тек символдық сыйлықтарды — гүл, шоколад немесе шағын естелік заттарды ғана рұқсат етеді. Ал 39 мың теңгеден жоғары құнды сыйлық заң бұзушылық болып саналады.
Мұндай жағдайда азаматқа Әкімшілік кодекстің 677-бабы бойынша айыппұл салынады — бұл 600 АЕК, яғни 2,36 млн теңге (2025 жылы). Егер сыйлықтың құны елеулі болса, іс Қылмыстық кодекстің 366-бабы бойынша қаралады. Бұл бап пара алу фактісін қамтиды және бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.
Білім министрлігінің ұстанымы
Министрлік мұғалімдер күні — қымбат сыйлықтар мен ақша жинайтын күн емес екенін еске салды.
«Гүл — алғыс пен құрметтің белгісі. Ең маңыздысы — назар мен жылы сөз. Мұғалім үшін ең үлкен сый – оқушы мен ата-ананың шын жүректен айтқан алғысы, өлеңі немесе суреті», — деп хабарлады министрлік.
Ведомство оқу орындарында кез келген ақша жинауға қатаң тыйым салынғанын да атап өтті. Барлық мектептік іс-шаралар бюджет есебінен өткізілуі тиіс.
Заңсыз ақша жинау немесе құны 10 АЕК-тен асатын сыйлық беру жағдайында азаматтарға Білім сапасын қамтамасыз ету комитетінің өңірлік департаменттеріне жүгіну ұсынылады.
Еске сала кетсек, 5 қазан – Қазақстандағы Мұғалімдер күні, білім беру саласының барлық қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.
Соңғы жаңалықтар





