Вэнс: Украинадағы соғыс жақын арада бітпейді

Вэнс: Украинадағы соғыс жақын арада бітпейді
02.05.2025 11:28
0
225
Вице-президент Вэнс Украинадағы соғысқа баға берді

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Fox News арнасына берген сұхбатында Украинадағы әскери қақтығыс жақын арада аяқталмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Вэнстің айтуынша, қазіргі уақытта АҚШ әкімшілігінің алдында тұрған басты мәселе – Ресей мен Украина арасындағы «ымыраға келуге» көмектесу арқылы үш жылдан астам уақыт жалғасып келе жатқан қақтығысты тоқтату.

Дегенмен ол «келісімге келу және осы қатал, өте қатал қақтығысты тоқтату екі елдің өзіне байланысты», – деп атап өтті.

Бұл мәлімдеме Вашингтон мен Киев арасында Украинадағы сирек кездесетін металдардан түсетін кірісті бөлу және оған жауап ретінде АҚШ-тың болашақтағы әскери көмегін қарастыратын келісімге қол қойылғаннан кейін жасалды.

Сонымен қатар Вэнс Трамптың Украинадағы әскери қақтығысқа қатысты ұстанымын қорғады. «Әрине, [украиналықтар] өз елдеріне басып кіргеніне ашулы. Бірақ бірнеше шақырым жер үшін мыңдаған сарбазды жоғалта беруге дайынбыз ба?» – деді ол.

Осы аптада Трамп Украина түбекті бейбіт келісім үшін беруге дайын болуы мүмкін деп болжаған еді. Бірақ Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін ел Конституциясына сілтеме жасап, Қырымның Ресей бақылауында қалуына келіспейтінін ашық мәлімдеді.

Өз кезегінде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио жақында берген сұхбатында: «Қақтығыста алға жылжу керек, әйтпесе Трамп бұл мәселеге қанша уақыт бөлуге дайын екенін шешуге мәжбүр болады», – деген пікір айтты.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий