«Жалаңаяқ шығар едім»: алтыннан қағылған Ясмина Тоқсанбаева мәлімдеме жасады

28.09.2026 • 14:11 Мөлдір ҚАЙНАР
«Жалаңаяқ шығар едім»: алтыннан қағылған Ясмина Тоқсанбаева мәлімдеме жасады
200
Фото: ҰОК / Арлан Олжабай

Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында спорттық жүрістен алтыннан қағылған қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева басындағы жағдайға қатысты алғаш рет түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Спортшы мәреге бірінші болып жеткенімен, кейіннен оның аяқ киімі белгіленген ережеге сәйкес келмегендіктен, нәтижесі жойылып, дисквалификацияланған еді. Тоқсанбаеваның сөзінше, жарыс басталар алдында ұйымдастырушылар қатысушылардың спорттық киім-кешегін әдеттегідей алдын ала тексермеген.

«Мұндай ірі додаларда спортшылардың экипировкасы, оның ішінде кроссовкасының табаны әдетте алдын ала өлшеніп, тексерілетін. Егер бұл тексеру дер кезінде жүргізілгенде, мұндай жағдай болмас еді. Сәйкес келмейтінін білсем, бұл аяқ киімді бірден шешіп, басқасын киер едім», – дейді ол.

Спортшы 42 шақырымдық қиын қашықтықты ел қоржынына алтын салып, тарихи нәтиже көрсету үшін барын салып бағындырғанын жеткізді. Оның көрсеткен уақыты Азия рекордына және әлемдік деңгейдегі үздік үшінші нәтижеге сәйкес келер еді.

Дегенмен ол барлық кінәні ұйымдастырушыларға артпай, өзінің де салғырттығы болғанын мойындады. Айтуынша, ол бұл кроссовканы көктемде, рұқсат етілген үлгілердің ресми тізімінде тұрған кезінде сатып алған. Кейіннен талаптар мен тізімдер жаңартылғанымен, өзі бұл өзгерістерді дер кезінде қадағаламаған.

Қазіргі уақытта Ясмина Тоқсанбаеваның көрсеткіші ресми түрде жойылып, оның әкелер «алтыны» Қазақстан құрамасының қоржынына қосылмайтын болды. Ал төрешілер шешімінің нақты ресми негіздемесі әлі толық жарияланған жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий