Жас ананың өлімі: сараптама жүргізуге маман табылмай отыр

24.09.2026 16:19 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Жас ананың өлімі: сараптама жүргізуге маман табылмай отыр
219

Талдықорғандық 22 жастағы Аяулым Асхатқызының қайтыс болғанына бір жылға жуықтаса да, отбасы оның неден көз жұмғанын, аман алып қалуға мүмкіндік болған-болмағанын біле алмай отыр, деп хабарлайды Politico.kz HALYQSTAN арнасына сілтемемен.

Туыстарының айтуынша, осы сұрақтарға жауап беруі тиіс сот-медициналық сараптамаға қажетті мамандар әлі табылмаған.

Аяулым 2025 жылғы 10 желтоқсанда, босанғаннан кейін шамамен бір ай өткенде қайтыс болды. Қызы Әлфия ол кезде бір айға да толмаған еді. Жас ананың өліміне байланысты Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі (Медицина қызметкерінің салғырттығынан адам өлімі) бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Бірнеше маман бірлесіп жүргізетін сараптама 2026 жылғы 4 сәуірде тағайындалғанымен, жарты жылға жуық уақыттан бері қорытындысы шықпаған.

«Шілдеде сараптама нәтижесімен таныстыруды сұрап, өтініш бердік. Тергеу органының жауабында қосымша мамандарды тарту және олардың біліктілігін растау қажет болғандықтан, сараптама аяқталмай, тоқтатылғаны жазылған», дейді Аяулымның әпкесі Маржан Нұрханова.

Отбасының дәрігерлерге қояр сұрағы босанғаннан кейінгі күндерден басталады. Аяулым облыстық перинаталдық орталықтан 2025 жылғы 12 қарашада шыққан. Ертесіне-ақ қызуы 39–40 градусқа көтеріліп, қатты әлсіреген. Туыстарының сөзінше, кейінгі күндері оған 7 рет жедел жәрдем шақырған.

16 қарашада, босанғаннан кейінгі сегізінші тәулікте, Аяулымды перинаталдық орталыққа қайта жеткізген. Әпкесінің айтуынша, сол жерде оған терінің аллергиялық қабынуы деген диагноз қойып, бұл орталықта емделетін науқас емес екенін айтқан да, дәріге рецепт беріп, үйіне қайтарған.

24 қарашаға қараған түні Аяулымды жедел жәрдем тағы сол орталыққа апарған. Маржанның сөзінше, сіңлісінің қан қысымы 90/60, тамыр соғысы минутына 98 болған. Ол дәрігерлердің акушерлік-гинекологиялық тексеру жүргізбей, тыныс жолдарының жіті ауруы деген диагнозбен жұқпалы аурулар ауруханасына жібергенін айтады.

Шамамен он сағаттан соң, сағат 14:31-де, Аяулымды перинаталдық орталыққа қайта жеткізген. Бұл жолы жағдайы аса ауыр болып, қызуы 39–40 градусқа жеткен, іші қатты ауырған.

Маржанның айтуынша, сол кезде сіңлісінен өткір шірік иіс шығып, ағзасына инфекция тараған, соның салдарынан қан айналымы бұзылып, бірнеше мүшесінің қызметі қатар істен шыға бастаған. Дәрігерлер оны аман алып қала алмаған.

Туыстары кейінгі тексерулер медициналық көмек көрсету кезінде кемшіліктер болғанын анықтағанын, ал бір тексеру өлімнің алдын алуға болатын еді деген қорытындыға келгенін айтады. Дегенмен көрсетілген медициналық көмек пен Аяулымның өлімінің арасында тікелей байланыс бар-жоғын сараптама анықтауы тиіс. Қорытынды әзірге жоқ, тергеу жалғасып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий