Желі қолданушылары Президент марапатын алуы тиіс болған актердің есімін атады

22.05.2026 18:16 Арман Ермеков
Желі қолданушылары Президент марапатын алуы тиіс болған актердің есімін атады
390
Фото: Instagram.com/zhusip_akshora

Ақордада өнер адамдарына мемлекеттік марапаттар табысталғаннан кейін әлеуметтік желіде жарты ғасырлық еңбегі бар «Шаншар» театрының актері Жүсіп Ақшораның еленбей қалғаны көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды Politico.kz.

21 мамырда Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай бір топ азаматты жоғары наградалармен марапаттады. Мәдениет саласындағы ерекше жетістіктері мен сіңірген еңбегі үшін құрметке бөленгендер қатарында Мақпал Жүнісова, Дастан Оразбеков пен Азат Сейітметов сияқты танымал тұлғалар бар.

Осы жаңалық тараған тұста Threads желісінде сатирик Жүсіп Ақшораның марапат алуға әбден лайық екенін айтқан жазба пайда болды. Желі қолданушысы өнерге енді қадам басқан жастардың назарға ілініп, көпшілік көңілінен орын алған аға буынның шеттетілгеніне қынжылыс білдірген.

«Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Президент қолынан марапат алуға лайық кісінің бірі Жүсіп Ақшора еді. Өнер саласына кеше келген "бүлдіршіндерді" көріп, қалай жарты ғасырдан жұрт көңілінен орын алған ағалар шет қалып кетті деп ойлап қоямын. Дәл Ақорданың ішінде марапат алуға лайық тірі аңыз ағамыз», – деп жазды автор.

Бұл пікір қысқа уақыт ішінде көптеген қаралым жинап, оқырмандар тарапынан қызу қолдауға ие болуда.

Айта кетейік 1960 жылы Түркістан облысының Қызылтаң ауылында туған Жүсіп Ақшора халыққа «Шаншар» әзіл сықақ театрының негізін қалаушылардың бірі ретінде жақсы таныс.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері өзінің өнер жолын Жетісай қазақ сазды драма театрынан бастап, кейін Шәуілдір ауылындағы балалар мен жасөспірімдер клубында түрлі қызметтер атқарған. Ал 1994 жылы Уәлибек Әбдірайымовпен бірлесіп ашқан театрда бүгінге дейін басты актер ретінде сахнада түрлі сатиралық образдарды шеберлікпен сомдап келеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий