Жолаушыны ұшаққа кіргізбей қойған: Air Astana әуе компаниясы сотта ұтылып қалды
Алматы қаласында әуе компаниясы жолаушыны рейске жібермей, сот шешімімен 500 мың теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 2025 жылдың жазында болған. 26 шілдеде әйел Қызылорда — Алматы бағытына билет сатып алған. Рейс 16 тамызға жоспарланған. Белгіленген күні жолаушы әуежайға уақытында келіп, тіркеуден еш қиындықсыз өткен. Алайда ұшаққа отырғызу кезінде оны рейске жібермеген.
Сотта әуе компаниясы қызметкерлері тіркеу «күші жойылғанын» алға тартқан. Соның салдарынан жолаушы жоспарланған уақытта Алматыға ұша алмаған.Жолаушы сотқа жүгініп, билет құнын, жол шығындарын және моральдық зиянды өтеуді талап еткен. Сот материалдарына сәйкес, тіркеуден өткені расталған, бірақ оны ұшаққа кіргізбеген.
Сот шешімінде жауапкер тарап жолаушыны тасымалдаудан бас тартуға заңды негіз бар екенін дәлелдей алмағаны көрсетілген. Осылайша, әуе компаниясы жолаушы алдындағы міндеттемесін тиісті деңгейде орындамаған деп танылды.
Сот талап-арызды ішінара қанағаттандырып, жолаушының пайдасына: Материалдық шығынды, 500 000 теңге көлемінде моральдық өтемақыны, сот шығындарын өндіріп берді.Шешім заңды күшіне енді.
Соңғы жаңалықтар