«Жұмыстан шықтым»: Бишімбаев ісімен танылған прокурор депутаттыққа үміткерлігі туралы алғаш рет пікір білдірді

11.07.2026 14:00 Қарақат АСЫЛОВА
«Жұмыстан шықтым»: Бишімбаев ісімен танылған прокурор депутаттыққа үміткерлігі туралы алғаш рет пікір білдірді
304

Бишімбаевқа қатысты резонансты іс бойынша мемлекеттік айыптаушы болған бұрынғы прокурор Айжан Аймағанова әлеуметтік желіде депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылуына байланысты алғаш рет мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, соңғы күндері әлеуметтік желілерде «Әділет» партиясынан депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылғаны туралы ақпарат қызу талқыланып жатыр. Осыған байланысты ол өз ұстанымын жария түрде түсіндіруді жөн көрген.

Айжан Аймағанова прокуратура органдарында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып, заңның үстемдігін қамтамасыз ету мен азаматтардың құқықтарын қорғау жолында еңбек еткенін атап өтті. Оның сөзінше, депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылуына байланысты заң талаптарына сәйкес прокуратурадағы қызметінен кеткен.

«Бұл – заңның талабы, мен оны толық орындадым. Бұл шешімді саналы түрде қабылдадым. Кәсіби тәжірибем мен білімім заң шығару қызметінде, сондай-ақ азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешуде пайдалы болатынына сенемін», – деп жазды ол.

Сондай-ақ Аймағанова өзіне қолдау білдіріп, пікір қалдырған азаматтарға алғыс айтып, алдағы уақытта ашық диалогқа дайын екенін жеткізді.

Войдите, чтобы оставить комментарий