1,1 трлн теңге елге қайтарылды: Енді бұл ақша қайда жұмсалады?

19.08.2026 18:45 Қарақат АСЫЛОВА
1,1 трлн теңге елге қайтарылды: Енді бұл ақша қайда жұмсалады?
53
Фото: Inbusiness.kz

Қазақстанда заңсыз иемденілген және шетелге шығарылған активтерді қайтару жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекетке қайтарылған қаражат әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда.

Сарапшылардың айтуынша, бұл қаражаттың нақты нысандарға жұмсалуы ел азаматтарының күнделікті өміріне әсер етіп отыр. Қайтарылған активтер есебінен су жүйелері жаңғыртылып, мектептер, медициналық нысандар, балабақшалар мен спорт кешендері салынып жатыр.

Қазіргі уақытта елге 1,1 триллион теңгеден астам актив қайтарылған. Оның 617 миллиард теңгеден астамы республика бойынша 500 нысанды іске асыруға бағытталған.

Қаражаттың ең көп бөлігі – 226,5 миллиард теңге сумен жабдықтау жүйесін дамытуға бөлінген. Бұл қаржыға 267 жоба жүзеге асырылып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысының 30-дан астам ауылындағы тұрғындар таза ауыз суға қол жеткізген. Абай облысында шамамен 20 мың ауыл тұрғыны орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Ақмола облысындағы бірқатар ауылдар да ауыз сумен қамтылған.

Денсаулық сақтау саласына 176,8 миллиард теңге бөлінген. Осы қаражат есебінен 190-нан астам жоба мақұлданған. Риддерде 200 орындық көпсалалы аурухана, Ақтауда жедел жәрдем станциясы және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 145 нысан іске қосылған.

Спорт инфрақұрылымына 67,5 миллиард теңге бағытталды. Оның ішінде Көкшетауда көпфункционалды спорт кешені салынып, Зеренді ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілген. Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион жаңғыртылып, «Қазақстан» спорт сарайын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Білім беру саласына 64,4 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражатқа Абай, Ұлытау, Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңа білім беру нысандары ашылған. Шымкентте арнайы мектеп-интернатқа арналған 300 орындық жатақхана пайдалануға берілді.

Бұдан бөлек, 43 миллиард теңге көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Қайтарылған активтер арнайы экономикалық аймақтардағы энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымды қамтамасыз етуге де жұмсалуда.

Сарапшылардың пікірінше, қайтарылған қаражатты әлеуметтік нысандарға бағыттау ұзақ мерзімді нәтиже береді. Яғни активтерді қайтарудан түскен қаржылық пайда біртіндеп халыққа қажетті инфрақұрылым мен әлеуметтік қызметтерге айналып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий