15 жастағы жетім қызды 8 жігіт екі ай бойы зорлаған: полиция тың деректер айтты

10.04.2026 16:01 Әсел Мұрат
15 жастағы жетім қызды 8 жігіт екі ай бойы зорлаған: полиция тың деректер айтты
407
Фото: ашық дереккөз

Алматы облысының Райымбек ауданында 15 жастағы оқушы қызды зорлау дерегі бойынша екі күдікті ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.

15 жастағы мектеп оқушысының айтуынша, екі ай бойы сегіз ер адам қорқытып, бопсалап, жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген.

Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, 19 наурызда 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілер анықталды.

«Олардың екеуі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалған күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері кешені жүргізілді. Барлық тараптың уәжі мұқият тексерілуде. Жәбірленушіге қысым көрсетілмейді. Тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін қылмыстық іс облыс орталығының тергеу бөлімшелеріне беріліп, арнайы тергеу-жедел тобы құрылды», – деп хабарлады полициядағылар.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасуда. Тергеу барысы Алматы облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

Бұған дейін бұл жағдай туралы журналист Жан Ахмадиев хабарлағанын жазған едік. Оның айтуынша, 16-25 жас аралығындағы 8 жігіт 9-сыныпта оқитын 15 жастағы қызды екі ай бойы қорқытып, түнгі уақытта сыртқа шығарып зорлап келген. Бұл қылмыс туралы ақпарат алдымен оқушылар арасында тарап, кейін мектеп директорына жеткен. Директор қызды шақырып барлық мән-жайды білген.

Оның сөзінше қыз дереу полиция шақырудың орнына бұл деректі 5 күн бойы жасырған. Журналист шарасыз күйде қалған жасөспірімнің өзінен көмек сұрап келгенін жеткізді.

Кейбір БАҚ-та тараған мәліметке сәйкес, қыз күдіктілердің бірімен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Кездесуден бас тартқаннан кейін 20 жастағы жігіт оны бопсалай бастаған.

Осыдан кейін оқушы түнде үйінен шығуға мәжбүр болған. Күдікті оны көлігімен адам ешкім жоқ жерге апарып, күш қолданған. Ол бұдан кейін қыздың жеке деректерін таныстарына беріп, олар да қорқытып, жыныстық әрекеттерге мәжбүрлегені айтылған.

Осылайша күдіктілер саны сегіз адамға дейін жеткен.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий