«30 жылда бір де бір награда алмадым»: Ақбота Керімбекова да марапат алды

22.05.2026 09:55 Әсел Мұрат
«30 жылда бір де бір награда алмадым»: Ақбота Керімбекова да марапат алды
276
Фото: ашық дереккөз

Президент жарлығымен ұлттық мәдениетті дамытуға және насихаттауға қосқан елеулі үлесі үшін әнші Ақбота Керімбекова «Парасат» орденімен марапатталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы өнер иесі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. Бұл марапатты әншіге мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Мәдениет және өнер қызметкерлері» күніне арналған салтанатты жиында табыстады. 

«Бұл –мен үшін үлкен қуаныш! Өнерде жүрген 30 жылға жуық уақытымда бір де бір мемлекеттік награда алмағаным көп адамды таңқалдыратын. Оған ең әуелі өзімнің ынтамның, онан соң, талпынысымның болмағаны, ешқашан атақ алу үшін еңбек етпеуім себеп еді. Бірақ, халықтың ықыласы, бағасы өнер адамын мерей-мәртебесіз қалдырмайды екен. Бүгін бұйырды. Сол үшін бұл марапат менің емес, тыңдармандарымның марапаты деп есептеймін», - деп жазды өнер иесі.

Ол сондай-ақ шығармашылығына қолдау көрсеткен жақындары мен жанашырларына алғысын білдірді.

«Өнерге қадам басқан жылдарымнан бері маған кәсіби білім берген, тәжірибемді қалыптастырған ұстаздарымның, шығармашылық ұжымдардың, жақсы әндерін ұсынған авторларымның, біздің шығармашылығымызды насихаттаған өнер жанашырларының, әкем мен анамның да марапаты - бұл! Рақмет, ризамын! Мәдениет саласында еңбек етіп жүрген әрбір еңбеккердің қадамын бақылап, бағалап отыратын президентімізге, өнердің барлық саласына жанашыр министрімізге зор алғыс! Тарихы терең, тағылымы мол ұжымым - Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт»-ке, басшымыз Ақан Жылқышыбайұлына көп рақмет!», – деді Ақбота Керімбекова.

Войдите, чтобы оставить комментарий