58-дегі еркек жеткіншекті ұйықтатып зорлады деген күдікке ілінді
Қызылорда облысының Қармақшы ауданында 14 жастағы оқушы өгей әкесінің ағасы бірнеше жыл бойы өзін зорлағанын мәлімдеді. Қыздың айтуынша, 58 жастағы ер адам оған ұйықтататын дәрі беріп, жыныстық зорлық көрсеткен, деп хабарлайды Politico.kz 31 телеарнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Жасөспірімнің сөзінше, ол өгей әкесінің ағасынан төрт жылдан бері қорлық көрген. Алғашқы оқиға ер адамның көлігінде, кейін тағы екі рет Қармақшы ауданындағы үйінде болған. Қыз туған анасы бұл жағдайды жасырып қалуға тырысқанын да айтады.
Оқиғадан хабардар болған туыстары полицияға жүгінген. Отбасындағы келіспеушілікке байланысты 9-сынып оқушысы екі айдан бері жасөспірімдерді бейімдеу орталығында тұрып жатыр.
Ал қыздың нағашы атасы Төлепберген Нұрмағанбетов істің әділ тергеліп, кінәлі адамның жазалануын талап етеді. Ол немересінің арнайы орталықта емес, өз қолында тәрбиеленгенін қалайды.
Қызылорда облыстық Полиция департаменті «Зорлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Арызданушының айтуынша, 2024 жылы орын алған. Қазіргі уақытта істің мән-жайы жан-жақты тексеріліп, сараптамалар тағайындалды», – деді департамент басшысының орынбасары Нұрсұлтан Әлтай.
Әзірге күдіктіні қамауға алу мәселесі шешілген жоқ. Ал жасөспірімге орталық мамандары көмек көрсетіп жатыр.
Айта кетейік, Балқашта екі қызға жыныстық зорлық көрсетіп, бопсалады деген күдікпен бірнеше адам ұсталған еді.
Соңғы жаңалықтар