«Үйімді тартып алмақ»: 90 жастағы әкесін ұрды деген қарияның ұлы сот үкімі алдында өз шындығын айтты
Осыдан бірнеше ай бұрын Атырау облысы, Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылында 89 жастағы қарияның өз баласынан таяқ жегені туралы бейнежазба әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Осы уақытқа дейін көпшілік тек жәбірленуші тараптың уәжін тыңдап келсе, енді сот үкімі қарсаңында қарияның кенже ұлы Қанат пен оның адвокаты Асылбек Орынбасаров белсенді Рүстем Баязиевке өз нұсқасын баяндады, деп хабарлайды Politico.kz.
«Істің астарында үй мен ақша дауы жатыр»
Отбасындағы 12 баланың кенжесі Қанат әкесін 22 жыл бойы өз қолында бағып-қаққанын айтады. Оның сөзінше, бұрын әкесінің жағдайын сұрап келмейтін туыстары бұл іс басталғалы бері аяқ астынан «жанашыр» бола қалған.
«Осы күнге дейін әкемнің хал-жағдайын сұрап, қолына бір бөтелке су не айран ұстап келген адам емес. Жылына бір-ақ рет – 14 наурызда келеді, бес минут отырады да, шығып кетеді. Басқа уақытта төбе көрсетпейтін кісілер енді аяқ астынан жанашыр болып, сотқа қатысып, "соттау керек" деп жүр. Олардың көздегені басқа, жеке бастарының мүддесі үшін жүргендер», – дейді Қанат.
Қанаттың пайымдауынша, бұл жанжалдың түп-төркіні мүлік пен қаржы дауына тіреледі. Бұған дейін қария Қанаттың бір ағасының үйінде болған кезде мүлікті бөлу және өтемақы өндіру туралы арыз жазған.
«Олардың мақсаты – менің үйімді даулау. Басында менен 15 миллион теңге сұрады. Адвокатымның арқасында ма, білмеймін, қазір 5 миллион теңгеге түсіріпті», – дейді айыпталушы ұл.
«Терезеден шығып бара жатқанда құлады»
Қанат әкесіне қол көтермегенін кесіп айтты. Оның түсіндіруінше, сол күні қария бөлмесінде отырып, терезені ашып сыртқа шықпақ болған сәтте құлап қалған.
«Ұрып-сққан жоқпын. Терезеден құлады, соның бәрін менің мойныма ілмек болып жатыр. Әкемнің мінезін беске білемін: қазір болған затты сәлден соң мойындамайды. Сол себепті бөлмеге кірер алдында телефонымның камерасын қосып кірдім. Камераны қосып келген кезде ол терезеден далаға шығып бара жатыр екен», – дейді ол.
Қанаттың айтуынша, бұл жайт сот отырысында да көрініс тапқан. Қария бастапқыда «қарғып құладым» деп жауап бергенімен, жанында отырған өкілі Сәуле: «Апа, бізде видео бар, «өзім құладым» деп айтты» деп құлағына сыбырлаған соң, сөзін бірден өзгерткен. Қорғау тарапы бұл сәттердің бәрі сот залындағы бейнетіркеуге жазылып қалғанын алға тартады.
Сонымен қатар оқиға болған түні үйге барған немере інісі Аслан мен әпкесі Салтанат қарияның бетінен ешқандай соққы ізін байқамаған. Кейін қарияның туған қарындасы Кенжетайдың талабымен жедел жәрдем шақыртылған.
«Жедел жәрдемнің екі фельдшері де қарап, тексеріп: «Бетінде ештеңе жоқ, қорқатын ештеңе жоқ, бәрі жақсы» деді. Кетіп бара жатқан кезде Кенжетай апам: «Қалайда алып кетіңдерші!» деп қоймады. Фельдшерлер «жазып жібереді» деп қорқып, амалсыз алып кетті. Олар мұны сотта да куәлік беріп, растады. Ең қызығы, фельдшерлер әкемді ауруханаға сағат 8:37-де қалдырып кеткен, ал дәрігер 9:00-де қараған кезде – арадағы 23 минуттан соң бетінде «көгерген із бар» деген қорытынды шыққан», – дейді Қанат.
Күмән тудырған аудиожазбалар
Сұхбат барысында қорғау тарапы іске қатысты екі аудиожазбаны жария етті. Бірінші аудиода белгісіз тұлға Атыраудағы барлық инстанциялар мен сараптамадан өткенін баяндайды:
«Мен бәрін, бүкіл Атырау инстанцияларын... Маған «тайные» (құпия) адамдар көмектесті, ешкімге аттарын айтуға болмайтын адамдар көмектесті. Маған экспертизаға да сол адамдар көмектесті», – делінген жазбада.
Қорғау тарапы құзырлы органдардан сараптамаға ықпал еткен осы «құпия тұлғалардың» кім екенін анықтап, тексеру жүргізуді талап етіп отыр.
Ал екінші аудиожазбада сотта Қанатты қатаң жазалауды талап етіп жүрген туысы Кенжетайдың бұрын өзге біреулерге жіберген дауысы естіледі. Онда ол ағасының әрекетіне қынжылып:
«Мынау алжығанда да жөнімен алжымады, елге күлкі болдық, масқара болдық, ұят болды. Алжып жүрген шығар, оны басқа ешкім алмайтын шығар. Азғантай ғұмыры қалғанда Қанаттан басқа қайда барады?» – деп айтқан.
Адвокат уәжі: «Сот үкімі шықпай жатып, желіде қысым жасау қаншалықты заңды?»
Адвокат Асылбек Орынбасаровтың мәліметінше, бастапқыда Қанатқа Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігі (денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру – 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген) бойынша айып тағылған.
«Іс құжаттарымен танысқан соң, Қанекеңмен ақылдаса отырып, сот-медициналық криминалистикалық (ситуациялық) сараптама тағайындау туралы өтініш бердік. Сарапшы қорытындысы бойынша 107-бап, яғни қасақана орта дәрежелі жарақат салу дәлелденбей, іс 109-бапқа (денсаулыққа абайсызда зиян келтіру) ауыстырылды. Біздің позициямыз – Қанекең ешқандай жарақат салған жоқ, ешкімді ұрып-соққан жоқ. Толық ақтау үкімін сұраймыз», – деді адвокат.
Қорғаушының айтуынша, олар осы уақытқа дейін соттың әділдігіне сеніп, отбасылық дауды көпшілікке жарияламай келген. Алайда соңғы сот отырысында қорғау тарапының қарсылығына қарамастан залда видео түсіріліп, әлеуметтік желіге біржақты ақпарат тарап кеткендіктен, өз уәждерін айтуға мәжбүр болған.
«Қазіргі уақытта істі судья Мұрат Ысқақов қарап жатыр. Енді менде мынадай сұрақ бар: соттың үкімі шықпай тұрып, соттағы айтылған жайттарды әлеуметтік желіге жариялау қаншалықты заңды? Екіншіден, әлеуметтік желіде халық бір жақты таңдап алып, бірауыздан "соттасын, әкесін ұрды" деп жатса, мұндай жағдайда сот үкімді қалай шығарады? Бізге осы жағы түсініксіз», – деп түйіндеді Асылбек Орынбасаров.
Айта кетейік, аталған қылмыстық іс бойынша сот үкімі 20 қараша күні сағат 16:00-де жарияланады.
Соңғы жаңалықтар