ҚазҰУ-да тағы бір сұмдық жағдай болды: полиция тергеуді бастады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті өзіне дене жарақатын салған. Университет басшылығы болған жайтқа қатысты үнсіз отыр, ал полиция тергеу амалдарын бастады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл оқиға туралы ең алғашқылардың бірі болып белгілі заңгер Мейірман Шекеев жазды.
«Келіп түскен ақпаратқа сәйкес, Бүгін ҚазҰУ-де тағы бір қыз өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген көрінеді. Бұл ақпаратты көпшілікке жария етпей, жасырып отырған көрінеді.Алайда әзірге бұл деректер ресми түрде расталған жоқ. Онымен қоса, университеттегі студенттерге арналған стадиондар, шағын футбол алаңдары және басқа да нысандар өзге азаматтарға жалға берілген деген ақпарат айтылуда. Студенттерге арналған нысандар кімнің игілігіне қызмет етіп жатыр? @gylym_jogarybilim және Университет басшылығы бұл мәселелерге қандай жауап береді?», - деп жазды ол.
Заңгердің айтуынша, бірінен соң бірі айтылып жатқан осындай жағдайларға қатысты ашық әрі нақты түсініктеме берілуі керек.
Полиция оқу орнында студент қыздың өзіне жеңіл дене жарақатын салу дерегі тіркелгенін хабарлады.
«Алдын ала мәлімет бойынша, оқу орындарының бірінде студенттің өзіне жеңіл дене жарақатын салу дерегі тіркелді, оған медициналық көмек көрсетілді», — делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі уақытта полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады.
Politico.kz бұған дейін ҚазҰУ баспасөз қызметіне ресми сауал жолдаған болатын. Алайда оқу орны өкілдері болған оқиғаға қатысты әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ
Еске салайық, 16 қарашада ҚазҰУ жатақханасында бірінші курс студенті Дауыл Бәкіртай көз жұмған болатын. Аталған қылмыстық іс бойынша бір күдікті ұсталды. Марқұмның туыстары жатақханада әлімжеттік болғанын мәлімдеді. Қайғылы оқиғадан кейін университеттің проректоры мен факультет деканы қызметінен босатылып, жатақханада кезекшілік еткен қызметкерлер жұмыстан шеттетілді.
Бұл – бір ай ішінде ҚазҰУ-да тіркелген екінші өлім. Бұған дейін, 6 қарашада журналистика факультетінің бірінші курс студенті қайтыс болған еді.
Соңғы жаңалықтар